Ауыр атлет Илья Ильиннің талантын алғашқы болып таныған белгілі бапкер Асқар Меңдияров бүгінде басшылық қызмет атқарады. Кезінде оның өзі де аталған спортпен айналысып, жоғары табыстарға қол жеткізді. Қай кезде де ол ауыр атлетиканың дамуынан шет қалған емес. Бұл жөнінде жас өрендерге ақыл-кеңесін айтып, олардың шеберлігін жетілдіруге көңіл бөледі. Асқар Меңдияровпен еліміздегі ауыр атлетиканың дамуы, болашағы мен алдағы жоспарлар жөнінде ой бөліскен еді.
- Алдымен, ауыр атлетика тарихына көз сала кетсек. Одан алғашқы халықаралық жарыс қашан өткізілді?
- Ауыр атлетикадан ең алғашқы жарыс 1860 жылы АҚШ-та өтті. Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1896 жылы енгізілді. Ауыр атлетикадан әлем (1898 жылдан), Еуропа (1896 жылдан) чемпионаттары өткізіледі. Ауыр атлетика бойынша халықаралық жарыстар штанга көтерудің екі тәсілі (жұлқа және сілке көтеру) бойынша, 52 кг-нан басталатын 10 салмақ дәрежесіндегі спортшылар арасында өтеді. Жұлқа көтеру кезінде штанга кідіріссіз бірден жоғары көтеріледі. Сілке көтеруде штанга алдымен кеудеге алынып, содан кейін жоғары көтеріледі.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (1920) Қазақстан 1993 жылдан мүше. Қазақстанда ауыр атлетика бойынша алғашқы чемпионат 1937 жылы өткізілді. Қазақстан спортшылары ірі жарыстарға 1954 жылдан қатысады. Теміртаулық Юрий Зайцев (1976, Монреаль), шахтинскілік Виктор Мазин (1980, Мәскеу), ақмолалық Анатолий Храпатый (1988, Сеул) ауыр атлетикадан Олимпиада чемпиондары атанған.
Қазақстанда ауыр атлетика 30-жылдардың алғашқы жартысынан бастап дамып келеді. Алғашқы кездері оның даму барысы баяу болса, арада ширек ғасыр өткенде бұл өнер кең қарқын ала бастады. Сол тұста Степан Ульянов, Владимир Дрекслер, Петр Ким, Александр Колодков, Анатолий Лю-Шин, Бақытбек Мананбаев сынды аға буын өкілдерінің есімдері бүкіл Одаққа кеңінен танымал болды. Тіптен солардың арасынан әлемдік рекордты жаңартуға жараған азаматтар шықты. Бірте-бірте нәтижеміз еселеніп, жерлестеріміз дүниежүзілік деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқылдай бастады. 1976 жылы Қазақстанның ауыр атлеттері Олимпиада медалінің сыңғырын естіді. Содан кейінгі жылдары да ғаламдық ойындарда орасан зор табыстарға қол жеткіздік. Олимпиада тұғырына көтерілген тарланбоздарымыздың әрқайсысына жеке-жеке тоқтала кеткен жөн.
1996 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысты. Біздің өрендер барлық спорт түрлері бойынша 11 медальға иелік етсе, соның бірі Анатолий Храпатыйдың еншісінде. АҚШ-та оның басты қарсыласы, бұрынғы КСРО азаматы, кейіннен Грекияға қоныс аударған Акакиде Кахиашвилис еді.
2000 жылы Сидней Олимпиадасынан Қазақстан ауыр атлеттерінің қоржыны бос қайтты. 2004 жылы Афины Олимпиадасында 29 жастағы Сергей Филимонов жарқ етіп көзге түсті. Оның ерекше дарын иесі екені еш күмән туғызбайды. Алайда жаттығу процесіне немқұрайлылықпен қарағандықтан, Филимоновтың үнемі бағы жанбай жүрген. Мәселен, Сидней Олимпиадасында ол төртінші орынға тұрақтады. Ал Афиныда 77 келі салмақта күш сынасқан отандасымыз жанкештіліктің үлгісін көрсетті. Ескі жарақаты сыр бергеніне қарамастан, күміс медальді жеңіп алды.
- Сыр өңіріндегі ауыр атлетиканың дамуы жөнінде ой қозғап кетелік. Облыста аталған спорттың өркендеуіне кім әсер етті?
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Елімізде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатындар саны 6 миллион адамға жетті.
«Тәні саудың – жаны сау» дейді. Жалпы халықтың спортпен айналысуы ел халқының сау денелі болуына әсер еді. Сау денелі, сапалы ұлт қана мәңгілік ел мұратын орындай алмақ. Басқасын айтпағанда еліміздің спорт саласында қандай жетістіктерге жеткенін ескерсек, соның өзі Елбасының салауатты өмір салты ұстанымының өз жемісін бергенін айғақтайды. Еліміз спортшылары әрқашан да халықаралық ареналарда ірі табыстарға жетіп жүр.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қызылорда кеңінен қанат жая бастады. Бүгінде талай таланттың танылуына жол ашқан Вилорий Пак сол кезде ел ішінен зілтемір көтеруге бейім жас өрендерді тауып, оларды қиын да қызықты спорт түріне баулыды.
Рас, ауыр атлетика мен үшін таңсық спорт түрі еді. Мен оқитын мектепке аймаққа Вилорий бапкер келді. Оң-солын енді танып келе жатқан өрендерге өзі жетекшілік ететін үйірменің қыр-сырын айтып берді. Ол кезде мен небәрі он жаста едім. Ата-анаммен ақылдаса келе ауыр атлетика үйірмесінің есігін аштым. Қасымда Ғалым, Ғани, Талант, Талғат, Ардақ есімді достарым бар. Талантты тани білетін бапкер Вилорий оларды құшақ жая қарсы алды. Ұғымтал ұландарға асықпай ауыр атлетиканың қызығы мен қиындығы жайлы айтып берді.
- Ол кезде материалдық-техникалық базаның жағдайы қалай еді?
- Біздің балалық шағымызда қазіргідей қарыштап дамыған техника жоқ. Бар көретініміз – теледидар. Көгілдір экраннан көптеген спорт түрлерінен жарыстар жайлы көрсетеді. Сол сәтте біз Анатолий Храпатый есімді қазақстандық ауыр атлетті жанымызға жақын тартамыз. Сан алуан сайыста сыр бермеген саңлақ талай жүлдеге қол жеткізді. Олимпиаданың алтыны мен күміс медалін мойынға тақты. Әлем чемпионатында бес мәрте алтын, екі мәрте қола алды. Өзге де жарыстарда жетістікке жетті. Храпатый біз секілді өрендерге өнеге болды. Одан бұрынғы жылдарда да Олимпиада чемпионы атанған теміртаулық Юрий Зайцев (1976, Монреаль), шахтинскілік Виктор Мазин (1980, Мәскеу) сынды саңлақтар болды. Біз солар секілді болуға ұмтылдық.
Алғаш рет чемпион атанғанда небәрі 12 жаста едім. 1987 жылы Арқалық қаласында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз тұғырынан көріндім. Одан кейін жасөспірімдер мен жастар арасында тоғыз мәрте ел чемпионы атандым. Ал 1994 жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Орта Азия елдері жарысында жеңімпаз атандым. Арада бір жыл өткенде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жалауын желбіреткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері спартакиадасында күміс жүлдегер болдым.
- Ауыр атлетикамен небәрі 20 жасыңда қош айтысқан екенсің. Оған не себеп болды?
- Бұл жылдарда біздің елімізде ауыр атлетика спорты енді-енді өркенін жайып келе жатқан кезі еді. Мені бапкерлер ересектер арасындағы ұлттық құрамаға қабылдауға ниет білдірді. Десе де, алған жарақатыма байланысты жарыс жолын жалғастыра алған жоқпын. 1996 жылы бапкерлік қызметке бет бұрдым.
Бапкерлік те оңай емес. Жауапкершілігі үлкен. Вилорий ұстазыммен кеңесіп, талай таланттың жұлдызы жануына күш салдым. Бұрынғыдай емес, бұл салаға да қамқорлық көрсетіле бастады. Қажетті құрал-жабдық қатары толықты.
Жергілікті халық көп жылдарға дейін ауыр атлетиканың қыр-сырын түсіне қойған жоқ. Ауыл баласы негізінен оң жамбасына келетін күрес түрлерін таңдайтын. Олардың көбісі облыс орталығында орналасқан Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына түсуге келетін. Бұл жерде кез келген өренді бірден қабылдай қоймайды. Түрлі сынақтар болады. Содан сүрінбей өткен баланың аталған білім ордасында тәлім алуына мүмкіндік туады.
- Қазір елімізде Қызылорда ауыр атлетикасы жоғары бағаланады. Мұндай оң нәтижеге қалай қол жетті?
- Қашанда талантты жастарға кенде емеспіз ғой. Әрине, әркімнің қабілет-қарымын бағалауың тиіс. Біз дарынды ұландарды кейде кездейсоқ кездестіріп жатамыз. Спортшы тәрбиелеу оңайға соқпайды. Шәкіртің толайым табысқа кенеліп жатса, қандай ғанибет?! Барлық бапкер сол жолда тынбай тер төгеді. Аталған спорт мектебіне келген өрендер арасынан ауыр атлетикаға бейім талай жанға жол сілтедік. Олардың арасынан үмітімізді ақтаған шәкірттеріміз де аз емес. Қазір Алмас Өтешовті жанкүйерлер жақсы біледі. Ол әуелгіде күреспен айналысқан болатын. Оның болмыс-бітіміне қарап ауыр атлетикаға ыңғайлы екенін байқаған едік. Біздің берген ақыл-кеңесімізден кейін зілтемір көтерудің қыр-сырын меңгерді. Алмас үмітімізді ақтады, Әлем және Азия чемпионаттарында қоржынға жүлде салды. Азия ойындарында да топтың алдынан көрінді.
2000 жылдардан бері де Сыр өңірінің ауыр атлетикасында талай талантты жастар бой көрсетті. Олардың арасында Илья Ильиннің шоқтығы биік. Ол әлемнің төрт дүркін чемпионы (2005, 2006, 2011, 2014) және Қазақстан чемпионы болды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.
Ол жастар мен ересектер арасында екі рет әлем чемпионы атанды. Дәл осындай балғын шағында дүние-жүзінің теңдессіз атлеті атанған азаматтар жер бетінде жоқ. Оның асқан шеберлігіне, мінсіз техникасына, жеңіске деген құштарлығына таңданбау мүмкін емес. Ауыр атлетика саласындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Жергілікті бапкерлер тәрибелеген Айбол және Жеңіс Алдабергеновтер, Роман Русяновский, Дәурен Шаутеев, Жомарт Жарасбаев сынды саңлақтар сан алуан сайыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінді. Өмір сәттілік пен сәтсіздіктен тұрады емес пе?! Олардың кейбірінің бағы жанбаған шығар. Ендігі бірінің бабы келіспеді ме екен? Десе де, олардың жолын жалғаған өрендер қатары бүгінде де аз емес. Кейінгі жылдарда Әділбек Балқаев, Есенгелді Сәпи, Рахат Бекболат, Айсамал Сансызбаева, Айзада Мүптілда, Азамат Төлеген сынды үздіктер шықты.
- Қазір допингке байланысты дау-дамай кездесіп қалады. Еліміздің кейбір ауыр атлеттері осының салдарынан үлкен спорттан шеттетілді. Бұған көзқарасың қалай?
- Кез-келген спорт сияқты ауыр атлетика да денемізді жақсы күйде ұстауға көмектеседі, бұл пайдалы фактор. Классикалық ауыр атлеттер жаттығу жасап, дұрыс тамақтанғанда қатал және сау болады. Пайдасынан басқа, зияны да көп. Ауырлықты көтеру кезінде буындардың артрозы мен артриті дамуы мүмкін. Омыртқааралық грыжа табу, артқы жағын «жұлып алу» қаупі бар. Жүрекке зиян келтіруі мүмкін, себебі жүктеме кезінде ол қалыпты жұмыс істемейді, бұл оның тозуын арттырады.
Менің ойымша, әлемде спорт саласына да саясаттың салқыны тиіп жатқан жайы бар. Жер-жаһандағы іргелі елдердің арасындағы қырғи-қабақ көзқарас кейбір белгілі спортшылардың жолын байлайды. Қазір бірқатар ауыр атлеттер қан құрамынан допинг табылды деген желеумен үлкен спорттан шеттетілді. Мұндай келеңсіз жағдай қазақстандық жастарға да кедергісін келтірді.
Көптеген тексеруде таза шыққан таланттарға қалайша бірнеше жылдан кейін допинг пайдаланды деген байлам жасалады? Бұл – ешбір логикаға сыймайтын түсініксіз жағдай. Осындай қисынсыз жағдайға байланысты көптеген жастар үлкен спортпен қош айтысты. Әрине, алдағы уақытта әлемде бұған байланысты оң шешім қабылданады деген үміттенемін. Сонда ғана спортшылар әділетті жолмен жеңіске жетеді.
- Қазір шетелден спортшылар алып келуге әуеспіз. Бұл ел спортының дамуына қаншалықты әсер етеді?
- Мұндай жағдай ауыр атлетика саласында көп кездесті. Қазір де өзге елдерден шақыруға әуеспіз. Олар төменгі жалақыға келмейді. Бұл мақсатта қыруар қаржы жұмсалады. Сондықтан ойланғанымыз дұрыс. Ақшаны балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсағанымыз абзал. Ол өз жемісін береді. Оның орнына өзге елден білікті бапкер алып келген пайдалы. Қазақстандық жанкүйерлер түркиялық Энвер Туркелери деген маманды жақсы біледі. Талай талантқа ақжол сілтеген ол еліміздің ауыр атлетика құрамасына кеңесші ретінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Білікті бапкер әрбір шәкіртінің мүмкіндігін толықтай біледі. Сол арқылы жүйелі жұмыс жүргізді. Кейінгі жылдарда қазақстандық ауыр атлеттердің Әлем және Олимпиада секілді додаларда топ жарғанын сол кісінің өлшеусіз еңбегінің жемісі деп санаймын.
- Қазіргі және бұрынғы спорттың дамуында қандай өзгерістер бар?
- Бұрынғы және қазіргі уақыттағы спорт саласының дамуын салыстыра алмайсың. Ертеректе жағдай оңай болмады. Жарысқа жол қаражат табудың өзі қиынға соғатын. Басқа да кедергісі аз болған жоқ. Бүгінде мұндай түйткілдің барлығы өзінің шешімін тапты. Әлемнің қай қиырындағы додаға бару үшін мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіледі. Сан алуан сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінген саңлақтарға елге келгеннен кейін қомақты сыйақы беріледі. Бұрын спортшылар мұндай қолдаудан тыс қалып келді. Ал Олимпиада чемпионы мен жүлдегеріне мемлекет тағайындаған арнайы сыйлықтар тағы бар.