КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ АРНАУЛЫ ОРТА ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫ
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы түрлі сала мамандары үшін кәсіпкерлік негіздеріне бағыт-бағдар беретін алаңға айналды.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, осындай шаралардың бірі аймақтағы техникалық және кәсіптік оқу орындарының басшыларына арналып ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыруды тапсырған екен. Жоба жастардың жұмысшы мамандығын алуына мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл жұмыстарды облыста 17 колледж, 2 кәсіпорын жанындағы оқу орталығы мен 1 әскери-техникалық мектептің облыстағы филиалы жүзеге асыратын болады. Жобаға қатысушылар техникалық, технологиялық, қызмет көрсету және сервис, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес саласына қажетті мамандықтар бойынша кәсіп алмақ.
Осы ретте білім саласының мамандары нарықтық экономика жағдайында арнаулы орта оқу орындары да заманға сай бейімделіп, өзін-өзі қаржыландыру, табыс табудың мүмкіндіктерін қарастыру қажет екендігін айтып, Кәсіпкерлер палатасына бағыт-бағдар беруді сұрап, арнайы семинар өткізу туралы ұсыныспен шықты.
Нәтижесінде Палатада арнайы облыстық семинар ұйымдастырылып, бизнес-тренерлер оқу орындарының басшыларына мастер-класс өткізді. Шара барысында оқу орнының қызметін нарықта сұранысқа ие болуы үшін қалай тиімді сатуға болатындығы талқыланып, бұл ретте семинарға қатысушыларға колледждердің бизнес жоспарларын әзірлеу, сонымен қатар ұзақ мерзімді даму жоспарларын дайындау мәселесі айтылды.
Жалпы, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мен аймақтағы арнаулы орта оқу орындары арасында әріптестік байланыс дуальдық оқыту бағдарламасы бойынша тиімді жолға қойылған. Бүгінде бизнес өкілдері кәсіптік-техникалық оқу орындарын корпоративті және сенімгерлік басқару жобасын қарастыруда.