Қызылорда «Қалалық автобус паркі» газбен жүретін экологиялық таза, әрі мүгедектердің мініп-түсуіне ыңғайлы тағы да 10 жаңа үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көлікпен толықты. Жаңа автобустар №1 бағыттағы маршрутта жүретін болады.
Облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және «Еуропалық қайта құру даму» банкі арасындағы келісімге сәйкес биыл аймаққа барлығы 120 автобус әкелінбек. Айта кетейік, былтыр дәл осындай үлгідегі 20 автобус әкелінген болатын. Ал мына келген он көлік, осыған дейін басталған игі істің жалғасы. Соңғы үлгідегі жаңа қоғамдық көліктер сұранысқа сай. Іші кең әрі жайлы. Ғаламтор желісі де қарастырылған. Сыйымдылығы 72 адамды тасымалдауға дейін жетеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасалған. Ал қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев қызылордалықтардың қуанышымен бөлісіп, жүргізушілерге автобустың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, қоғамдық көлік қызметкерлеріне жол ережесін сақтап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету қажеттігін айтты.