Қызылордада кинологтар сынға түсті. Бұл жарысқа Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің командалары қатысты. Бұл жайында облыстық ішкі ісаясат басқармасы хабарлады.
Қызметтік иттер мен оның иесінің біліктілігін анықтайтын жарыс бірнеше кезеңнен тұрады. Сайыстың алғашқы күні саққұлақтардың бұйрықты орындау қабілеті бағаланды. Сондай-ақ жарылғыш және есірткі заттарын іздеудегі шеберліктері сыналды. Аз ғана уақыт ішінде берілген тапсырманы мүлтіксіз орындағандары жоғары баға алады. Жалпы Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдер қоғамдық тәртіппен бірге стратегиялық нысындар мен түзеу мекемелерін күзетеді. Жауапкершілігі жоғары қызметте осындай иісшілдердің үлес-салмағы басым. Сондықтан олардың әрдайым бабында болуы ел қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айтады мамандар.
Бауыржан Тасболатов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының кинология қызметінің басшысы
– Жыл басынан бері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының кинолог мамандары 20-дан астам қылмысты ашуға атсалысты. Оның дені есірткімен байланысты. Осы уақыт аралығында қызметтік иттердің көмегімен 20 келіден астам есірткі заты тәркіленгенін де айта кету керек.