«Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Асар» республикалық акциясы Жалағаш ауданында өткізілді.
Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының хабарлауынша, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, еңбек және тыл ардагерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық сұрақтарының шешімін табуына көмек көрсету мақсатында өткізілген акцияға «Жастар ресурстық орталығы» КММ Жалағаш аудандық бөлімі, Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі және ерікті жастар тобы тікелей атсалысты. Акция барысында жастар тобы кент орталығында тұратын тыл ардагері Тышқанбаев Асқар атаның үйіне барып, хал-жағдайын сұрады. Жетпістің жетеуіне жеткен қария бүгінде қызымен бірге тұрады. Еткен еңбегінің жемісін жеп, бейнетінің зейнетін көріп отырған ата өзі жайлы сыр шертіп, қарттық салдарынан жүріп-тұруы қиындағанын жеткізді. Халін сұрап келгендер дереу тұрмыстық көмек көрсетуге кірісіп кетті. Нәтижесінде үй сырты әктеліп, ауласы тазартылды. Көңілі бірленген қария жастарға ақ тілегін жаударып, ақ батасын берді. Жастар одан кейін Нұртаева Тәжен әженің үйіне де бас сұқты. Науқастанып, төсек тартып жатқан Тәжен әже жастарға үлген алғыс айтты. Өзіне көңіл бөле келген ерікті жас толқынға ақ жаулықты анамыз ақ тілегін айтып жатты. Сонымен қатар Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім орталығы» КММ Жалағаш ауданы бойынша эксперті А.Салықбаев қос ардагерге арнайы «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» қоғамдық қоры атынан қан қысымын өлшейтін тонометр мен қарттарға арнап 1 кг шай тапсырды.