Білім күні Жаңақорған ауданының әкімі Р.Рүстемов Аққұм бекетіндегі негізгі білім беретін №221 -орта мектептегі алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Барша ұстаздар қауымы мен шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтаған аудан басшысы Р.Рүстемұлы ақжолтай ақпарын жеткізді.
Яғни, Аққұм ауылына 3,5 шақырым қашықтықтан қатынап оқитын Қауық елдімекенінің оқушыларын тасымалдауға су жаңа шағын «УАЗ» автокөлігін сыйға тартты. Сондай-ақ 1-сынып табалдырығын аттаған оқушыларға Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы «Менің Отаным-Қазақстан» атты сыйлық кітабын үлестірді.
Айта кету керек, биылғы жылы аудандық бюджет есебінен Аққұм мен Қауық арасындағы 3,5 шақырымға жолға қиыршақ тас төселді. Оған қоса жаңа оқу жылы қарсаңында Аққұм негізі орта мектебіне қауықтық 2 тұрғын қызметке қабылданған.