Медицина саласында бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу үшін жаңа медициналық технологияларды жасау және тәжірибеге ендіру талап етіледі. Соның ішінде жоғары сапалы ғылыми-зерттеулер мен инновацияларды енгізу халықтың ұлттық деңгейдегі денсаулық жағдайын жақсартуға септігін тигізетіні даусыз. Еліміздің медицина ғылымы саласында атқарылатын істер аз емес. Бұл орайда жас ғалымдарға артылатын жүк ауыр. Медицинаның ғылым саласында жаңалық ашушы Асхат Мыңбай тұмауға қарсы жаңаша екпені жасап, оң бастаманы тарту етті. Көпті мазалаған буын ауруларының себебін анықтауға көңіл бөлді. Бірнеше жылғы еңбегі төңірегінде біз жас ғалыммен ой бөлістік.
– Ең алдымен өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Қайда туып-өстіңіз?
– Мен Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Темірбек Жүргенов атындағы №136 орта мектепте бастауыш сыныпта білім алып, одан кейін қазақ-түрік лицейін бітірдім. Ең жоғары балл жинап, арман қала – Астанадағы медициналық академияға оқуға түстім. Үш жыл қатарынан сонда білім алып, акушерлік дипломын иелендім. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасы аясында Англия еліндегі «Киил» университетінде білім алдым. Елге келгеннен кейін «Ұлттық биотехнология орталығында» 3 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Бүгінгі таңда Назарбаев университетінде «Иммунды-биотехнология» зертханасында қызмет атқарып келемін. Бұл – инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай, күшті ғылыми инфрақұрылымы бар білім ошағы. Онда ең үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілер жұмыс жасайды. Оларға шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған десем артық айтқандық емес.
– Жалпы биотехнология саласы нені зерттейді? Осы төңірегінде айта кетсеңіз.
– Бүгінгі таңда әрбір адам туылған сәті¬нен бастап-ақ, генетикалық куәлігін жасауға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Бұл дегеніміз – адам өмірінде кездесетін бірқатар ауруды жоюға немесе оның өршуіне тосқауыл қоюға зор мүмкіндік береді. Осы мәселенің өзектілігіне байланысты «Ұлттық биотехнология орталығында» жұмыс істеген кезімде адам мүшелері мен ұлпаларын ауыстырып салу, бедеулік пен жүктілікті көтере алмау кезінде ұлпалық үйлесімді антигендерді типтендіру мен анықтауға арналған, сондай-ақ қант диабеті қаупін бағалау үшін жүйе әзірлеп шығаруға бағытталған зерттеулермен танысқан едім. Қазір биомедицина зерттеулерінде қол жеткізген жаңа тәсілдер бұрын дәстүрлі тәсілдермен емдеу мүмкін болмаған аурулардан айығуға жол ашып жатыр. Болашағынан зор үміт күттіретін бағыттардың бірі діңгек жасушаларын пайдаланудың негізіндегі регенеративті медицина. Бүгінде ғалымдар аурулардың барлық түрі, сыртқы ортаның сол немесе өзге де жағдайларында байқалатын тұқым қуалайтын факторлармен анықталады деп санайды. Сол сияқты адамның ұзақ өмір сүруі мен көптеген басқа да өлшемдері алдын ала белгіленіп қойылған. Егер тұқым қуалайтын аурудың ауыр түрін көрсететін генді анықтау мүмкін болса және оны қазіргі уақытта емдеуге келсе, онда мұндай генетикалық тестілеу аса қажет. Міне, биотехнологияның маңызы осында.
– Қандай ғылыми-зерттеу жұмыстарыңыз бар?
– Ең алғашқы жобам – тұмау және инфекциялық вирусқа қарсы мультиуниверсалды екпе жасау болды. Коктейль жасап, бірінші бұл екпені тышқандарға салып, тәжірибеден өткіздім. Оң нәтиже берді. Дегенмен, жоба әлде де жалғастыруды, толықтырулар енгізуді қажет етеді. Қазіргі уақытта айналысып жүрген өзімнің жеке жобам ол – буын ауруларының неден пайда болатындығын анықтау. Күнделікті өмірде буын аурулары жиі кездеседі. Көбіне бұл созылмалы кабыну процесінің және кейбір жұқпалы аурулардың асқынуынан да туындайды. Әсіресе, тұмау-сүзек, баспа, туберкулез және басқа аурулар буынға жиі әсер етеді. Түрлі жарақаттар мен денеге түскен ауыр салмақ та артритке ұшырата береді. Адамды буын ауруы қатты азапқа салады. Егер кезінде жете емделмей, ауру асқынып кетсе, оның салдары адамға ауыр соғады. Тәжірибеде мынадай жағдай да жиі кездеседі. Адам тұмау-сүзектен жазылып ыстығы қалпына түсіп, оның енді жұмыс істеуіне болады, «жазылды» деп жүргенде бірнеше күн немесе апта өткен соң күтпеген жерден адамның қолы не аяқтары қатты ауыра бастайды. Медициналық тәжірибеге қарағанда, аурудан алдын ала сақтануға, ал адам науқастана қалса одан емдеп жазуға да болады. Буын ауруынан қайтсе сақтануға болады? Негізгі менің зерттеуімнің өзегі осында. Яғни, буын ауруына жаңа биомаркер табу. Бұл жоба 2016 жылы толығымен аяқталады. Қазір зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
– Бүгінгі күні медицина ғылымдары бойынша қандай өзекті мәселелер қарастырылуда?
– Жаңа айтып өткендей, әлемдегі әрбір үшінші адам буын ауруларына шалдыққан. Бұл дерт көптігі жөнінен дүниежүзі бойынша жүрек-қантамыр ауруларынан кейін екінші орында тұр. Дамыған елдерде буын ауруларымен күрес бірнеше жылдан бері жүргізіледі. Ауру саны көбейген сайын емдеу тәсілдері де жетілдіріліп келеді. Егер бұрын сүйек, буын ауруларымен тек қарттар ғана ауыратын болса, бүгінде 14-15 жастағы балалардың арасында да аталған дертке шалдыққандар көп. Қазақстанда 200 мыңнан астам адам буын ауруының зардабын тартып отыр. Жалпы бұл саланы зерттеушілер аз, тіптен жоқтың қасы деуге болады. Себебі, бір жобаны аяғына дейін зерттеп-зерделеп шығу үшін көп жылдар керек. Ал, бізге зерттеуге берілетін уақыт 3 жыл. Бұл уақыт ғалымдар үшін аздық етеді. Жақында осы еңбегімді таныстыру ниетінде Австрияның астанасы Венада өткен конгреске қатысып келгенім бар.
– Вена қаласындағы иммунология конгресінде өз жұмысыңызды көрсетіп келдім дедіңіз. Конгресс қалай өтті? Сіздің еңбегіңіз ол жақта қалай бағаланды?
– Бұл конгреске 50 шақты мемлекеттің адамдары келіп, өзара тәжірибе алмасты. Қазақстаннан мен ғана бардым. Екі жылдай айналысқан «Буын ауруларының шығу себебі» атты зерттеу жұмысымды таныстырдым. Әлемнің әр елінен келген қатысушылар менің еңбегімді жақсы бағалады. Жасыратыны жоқ, сын да айтылды.
– Сыр елінің атын алыс-жақын шет елдерде асқақтатып жүрген, ғылым саласында өз биігін бағындырған жастың бірісіз. Алдағы уақыттағы жоспарларыңыз қандай?
– Жоспарым көп. Ең бастысы бастаған жобаларымды аяғына дейін аяқтап содан нәтиже шығару.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әсел АБЗАЛҚЫЗЫ.