Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

АҚПАН АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

АҚПАН АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?Қытымыр қыстың екінші айы – ақпан есігімізді қағып тұр. Бұл айды біз қалай түсінеміз? Ата-бабаларымыз ақпан жайында қандай ұғымдарды бізге қалдырды? Бүгінгі ұрпақ оларды жадында сақтап жүр ме? Көңілімізді күпті еткен осындай сауалдар бар. Расын айтайық, біз өткенді жатқа соғып айта алмаймыз. Күмілжіп қаламыз. Өйткені, білетініміз шамалы. Қуаныштысы, барлығын жоғалтып алған жоқпыз. Ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасып келген сол ұғымдарды қайта жаңғыртуға әбден болады. Табиғаттың терең тылсымын тап басып білген ата-бабаның сол кездің өзінде айтқан сөздеріне таңғалыс білдіреміз. Сондай ұғымдар ақпан айына қатысты да айтылған. 
Қазақы тіршілік көбінесе төрт түлікке қатысты екені белгілі. Қысы-жазы бейнеттен бел жазған жоқ. Табиғаттың қыр-сырына қанықты. Рас, арқыраған аязы бет қарыған ақпан төрт түліктің бабын жасаған ағайынға қолайлы бола қойған жоқ. Десе де әрбір күннен үлкен үміт күтіп үйренген қазекем ақпан айы жайында көптеген тың деректерді қалдырды. Ежелгі түркілер оны «кічік ай» деген көрінеді. Түбі бір түркі бауырымыз – хакастарда «кічік қырлас ай» деген ұғым әлі де бар. Ақпанда күннің қабағы қатулы болады. Соған қарай отырып оны ақ басқын және ақ ықпа деп бөліп, оны екі ағайынды деген әңгіме бүгінде де айтылып отырады. 
Бұл жайында көнекөз қариялардан естіп өстік. Сондай ұғымдарды бүгінге жеткізіп жүрген қазыналы қартымыздың бірі – Сәрсенбай Бекмұратұлы. Атамыз жыл мезгілдері, ай атаулары жөнінде мағыналы әңгіме айтып берген еді.
– Ақпан негізінен тұрақсыз келеді. Кейде бет қарыған аяз болмайды. Сынады. Ара-тұра аспан түнеріп, жапалақтап қар жауатыны тағы бар. Мен биыл сексен жасқа аяқ бастым. Өз өмірімде сондай құбылыстарды жиі байқап келемін. Ертеде халқымызда «Ақпан – қайталаманың ақ бораны» деген әңгіме айтылып жататын-ды. Алдамшы әрекеті де кездеседі. Бірде бүйіріңді қыздырса, екіншісін мұздатып жататыны тағы бар. Айтпақшы, ақпанда қыс пен көктем белдеседі деген ұғым бар. Қыстың қақ ортасындағы қаңтарда бұрқасын мен боран тәулік бойына соғатыны белгілі. Ақпанда көбінесе түнде және таң алдында осындай жағдай қайталанады. Оны осы айдың бір ерекшелігі деп санауға негіз бар, – дейді С.Бекмұратұлы. 
Ақпан – қыс мезгілінің соңғы айы. Одан кейін жер-дүниені жасантып, көктем келетіні белгілі. Сондықтан ақпанда суық пен жылы ауа-райы арпалысқа түседі деген ұғым бар. Сондықтан шығар, көбінесе боран тек таң алдында ғана соғып жатады. Аяз айылын жияды. Елдің арасында «Ақпанда күн ат адым ұзарады» деген әңгіме айтылады. Айта кетерлігі, айлардың арасында ол өте қысқа. Төрт жылда бір мәрте 29 күнме аяқталса, қалған уақытта 28 күнмен бітеді. 
Қызылорда қаласының тұрғыны Сәкен Медетов былайша көз қозғайды. Оның айтуынша, ақпанның өз ерекшелігі бар. Кешкісін аспанда жұлдыз көп көрінсе, қыс өте ұзаққа созылуы ғажап емес. Қырау түспестен күн желді болса, онда боран соғатыны бар. Жұлдыз жарқыараса аяз тұрса, күңгірттенсе, күн қабағы жылымық күйге түседі. 
Ақпанда ауа-райы көп жағдайды ашық болса, көнекөз қариялар жаз қуаңшылықпен өтуі мүмкін деп жататынын талай мәрте естігеніміз бар еді. Жер көлкілдеп, ылғал молайса, жазда жер отты болып, төрт түлікке қолайлы жағдай туып жатады. Ал қарлы уақыт көбірек кездессе, алдағы жаздың нәрлі болатыны айтылады. Алқап қалың қар жамылса, көкекте көл суға толады. Ақпанның он бесінші жұлдызы – қыс пен көктемнің алғаш ұшырасатын күні. Бұл күнгі ауа-райының қандай болуы алдағы көктемнің «мінезін» ашып береді. Жазғытұры мезгілі солайша өрбиді деген әңгіме бар. Екі аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болуы әбден мүмкін. Айдың аяғында мұзды қар түйіршікті сырғақ жүреді. Қатты боран соғады. Сол кезде қасқырды арланы мен қаншығы жұптасады. Оны халық арасында «Бөрі сырғақ» деп атайды. 
Ақпан латынша февраль деп аталады. Еуропаның көптеген халықтарында солай қолданылады. Дегенмен, кейбірінде ерекшеліктер де бар.    Мәселен, фин тілінде  ол helmikuu делінеді. Мағынасы – маржан айы дегенді білдіреді. Өйткені, талдарға жабысып, күннің көзіне шағылысқан қарлар көрген көздерге сондай әсер береді., Ал чех халқы ақпанды únor атайды.,  ол судың жылжуы деген мағынада айтылады. Себебі, осы уақытта қар еріп, жылға-жылғадан су ағып жатады. Ал украинша ақпан лютий, беларусша — люты, в полякша— luty делінеді. Бұл ақпанның қаһарлы мінезіне қатысты айтылса керек-ті.  Ал хорватша февраль veljača деп айтылады. Мағынасы ұлы дегенге саяды. Себебі. Бұл халықта 2 ақпанда арнайы мейрам бар. Соған қатысты ұғым пайда болған секілді. Түбі бір туысқанымыз – түріктер Şubat  дейді. Оны түпкі мағынасы сириялық «суббота» сөзіне жақындайды. Ал литванша vasaris жаз ежелгі үнді тілінде vasar ерте дегенге жақын. Қытай мен жапон халқы ақпанды екінші ай деп түсінеді. Осы айда Кисараги мерекесі өткізіледі. Оны тәржімалағанда киімдерді ауыстыратын ай дегенге жақындайды. 

Ә.ӘЙТПЕНБЕТ. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: