Сырдария ауданындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде аудан прокуроры Асхат Тәженов жастар арасында кездесетін құқық бұзушылықтар мен қылмыстық іс-әрекеттердің кері әсері туралы мағлұмат беру мақсатында білім ордасының оқушыларымен кездесті.
Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Ү.Жұмабаева, аудандық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Н.Қасымханов, мектеп-лицей ұстаздары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жастармен кездесу шарасын аудан прокуроры Асхат Бисенбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Мектеп жасындағы оқушылар арасында кездесетін түрлі жат әрекеттердің қоғам дамуына тигізетін кері әсері жөнінде кеңінен айтып өткен ол жастардың білім алып, өздері бейім өнерге ұмтылуы керектігін баса айтты. Сонымен қатар, білместіктен жасаған түрлі құқық бұзушылық әрекеттер өмір белестерінде жастарға көп кедергі келтіретініне тоқталды.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде аудан тұрғындарының 28 пайызы жастардан құралатынын, ал жастардың спортпен айналысуын, өнер үйірмелерін қатысуын қамтамасыз ету алға қойылған мақсат-міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ата-ана сеніміне селкеу түсіріп, келеңсіз қылықтарға жол беріп жүрген жастардың да бар екеніне тоқталды.