Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Адам қағып, қашып кеткен жүргізуші 15 күннен бері табылмай жатыр (ВИДЕО)

Адам қағып, қашып кеткен жүргізуші 15 күннен бері табылмай жатыр (ВИДЕО)Қызылордалық Мамырбаевтар отбасы әкелерін қағып, көшеде қараусыз қалдырып, қашып кеткен күдіктіні іздестіруде. Ал ауыр жарақат алған Өрісбай Мамырбаев жан сақтау бөлімінде жатып, алған ауыр жарақатынан, тілге келместен көз жұмған. 
Мамырбаевтар отбасының арыстай азаматымыз ажал тырнағынан аман қалады деген үміттері бүгін үзілді. Айтуларынша, Өрісбай Мамырбаев жол көлік оқиғасынан басынан ауыр соққы алып, ішкі ағзаларының бәрі зақымданған. Соның салдарынан  бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, тілге келместен көз жұмған. Ал оны қағып, қашып кеткен жүргізуші әлі күнге табылмаған. Қара жамылған отбасының өзегін өртеген де осы жайт. 
Бекзат МАМЫРБАЕВА, Марқұмның әйелі:
 - Барып арыз тастадық, звондасақ, іздеп жатырмыз, іздеп жатырмыз дейді. Міне 10 күн болды, бүгін жерлеп жатырмыз, ақтық сапарына аттандырдық. Одан бері нәтиже шығатын уақыты болды ғой. Осы машинаның егесіне іс шара қолдануларын сұраймын. Менің семьямды асырап бағып отырған үйімнің азаматы еді, отырғанымыз да жалдамалы пәтер. 
Туыстарының айтуынша, Өрісбайды ауруханаға оқиғаға куә болған бейтаныс жігіт жеткізген. Ол күдіктінің көлікке ілініп қалған адамды  біраз жерге дейін сүйреп апарып, сосын кідірместен оқиға орнынан ізін суытқанын айтқан. Ал марқұмның балалары «дер кезінде тоқтап, көмек қолын созғанда әкеміз аман қалар ма еді», - дейді.  
Әйгерім МАМЫРБАЕВА, Марқұмның қызы:
 - Не деген қатігез адам едің сен деген. Мені әкемнен айырып отырсың сен деген. Біз таппай жүрдік қаншама. Соны келіп айтса, осы кезде тірі болатын еді ғой әкем деген. Соның кесірінен жердің астына кетіп отырғаны. Бағана соны шығарып салдық, қандай ауыр... 
Жол көлік оқиғасы бақылау камерасы орнатылған қаладағы үлкен көшелердің бірінде болған. Алайда тәртіп сақшыларының жұмыстары әлі күнге нәтиже бермей отыр. Облыстық ішкі істер басқармасындағылар болса, «бұл мәселеге қатысты қандай да бір ақпарат алу үшін арнайы хат жолдап, үш күн күтіңіздер» дегеннен әріге аса алмады. Көпбалалы, баспанасыз Мамырбаевтар отбасы болса, күдіктінің тезірек табылып, жазасын алғанын қалап отыр.  

Ақпарат көзі: 7 канал
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: