Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

СЫРДА СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБАДЫ

СЫРДА СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБАДЫ Ең алдымен облыстың ауылшаруашылық жерлеріне қажет су тапшылығын болдырмау үшін сол жағалау магистралды каналының гидротехникалық құрылыстарын қайта жаңғырту жобасын жалғастыру қажеттігі туындап отыр. 
Осыған дейін жаңғырту жұмыстарының екі кезеңі сәтті жүзеге асырылған болатын. Алайда, 3-ші кезеңге қажет қаражат қарастырылмағандықтан жұмыс тоқтап тұр. Осы орайда аймақ басшысы су шаруашылығындағы бірқатар мәселелерді жұмыс сапармен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің назарына салды. Жыл сайын вегетациялық кезеңде аймақ суармалы судың тапшылығын сезініп келеді. Шардара мен Көксарайдағы жұмыс кестесінің сақталмау салдарынан дарияның төменгі ағысында отырған облыс шаруалары қиналады. Ал судың көлемі ол гидроқоймаларда биыл әдеттегіден әлдеқайда аз.
- Ауыл халқының күн көрісі және ауыл шаруашылығы өндірісі суармалы суға тікелей байланысты. 2014 жылдан бастап, Қызылорда сол жағалау магистралды каналының бойындағы гидротехникалық құрылыстарын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның құны - 3,6 млрд.теңге. Өкінішке орай, жобаны жалғастыруға 2016 жылы қажетті 640 млн.теңге қаралмаған. Мамандардың пікірінше, егер су құрылыстары дер кезінде жөндеуден өтпесе, егістікке су беруге қиыншылықтар туындауы мүмкін. Сондықтан, осы жобаның аясында бірінші кезекте 899 бекеттегі су торабының құрылысын салу қажет, - дейді облыс әкімі Қ.Көшербаев. 
Мұнан бөлек аймақ басшысы Қараөзек арнасы бойына су реттегіштер салу, Бесарық, Жиделі су қоймаларын қалыпқа келтіру, топтық су құбырларының жай-күйі сияқты күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды Ислам Әбішевтің назарына салды. Негізі, мемлекеттік бағдарламаға облыстан 127 жоба ұсынылған. Осы кездесуге дейін атқарушы билік айтулы проблемалардың барлығын құзырлы ведомствоға жолдаған болатын. Табанды жұмыстың арқасында бүгін нәтижеге жетіп отыр. 
- Облыс әкімдігінің ұсыныстарын біз қолдаймыз. Себебі, бұл мәселелердің барлығы кезек күттірмейтін өзекті проблемалар. Біздің құзыретіміздегі мәселелер шешімін табады. Ал одан тыс ауқымды жұмыстарды қажет ететіндерін министрлікке ұсынатын боламыз. Апатты су қоймалары, «САРАТС-2» жобасының жұмыстарын жергілікті әкімдікпен бірлесіп атқаратын боламыз. Сонымен қатар, облыс орталығының аяқ су проблемасын шешу үшін Ислам даму банкі арқылы жұмыстар биыл басталады, - деді ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев. 
Бүгінгі мәжілістің қорытындысы бойынша облыстың су шаруашылығын басқарудың бірлескен кешенді іс-шаралар жоспары әзірленетін болды. Сондай-ақ, биыл жер снаряды алынады, дария табаны тазартылады, гидроқұрылғылар жаңғыртылады, басқа да маңызды су нысандары күрделі жөндеуден өтетін болады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: