2016 жылдың 6 мамыр күні Қызылорда облысының ТЖД жедел кезекшісінен ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар Комитеті «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің кезекшісіне Қызылорда-Жезқазған трассасына киіктің мүйізін іздеуге шыққан Қалжан Ахун ауылының 5 тұрғыны жоғалып кеткені жөнінде хабар түсті. Жасақ құтқарушылары осы хабар түскен бойда іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті.
Құтқару жұмысына 9 құтқарушы, 2 бірлік техника үрлемелі моторлы қайықтарымен қатысты. Жасақ құтқарушылары Қызылорда – Жезқазған тас жолының 175-250 шақырым арасында Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауылы Тайқоңыр учаскесінен 36 шақырым жерде малшылар үйінен адасқан төрт адамды тапты. Олардың айтуы бойынша 2016 жылдың 2 мамыр күні Қалжан Ахун ауылынан Қарағанды облысының аумағына киіктің мүйізін іздеуге шыққан. Алайда жарты жолда, яғни 2016 жылдың 5 мамыр күні УАЗ автокөліктері бұзылып, сол жерде жүргізушіні қалдырып кеткені жөнінде айтқан. Әрі қарай құтқарушылар іздестіру құтқару-жұмыстарын жалғастырып, 100 шақырым қашықтық жүріп, Сарысу өзенінің жағалауын су басу салдарынан автокөлікті қалдырып, 20 шақырым жаяу іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, УАЗ автокөлігін жүргізушісімен бірге тапты.
Бірнеше күн бойы адасып жүрген зардап шегушілердің жағдайы аман-есен, дәрігерлік көмекті қажет етпеді.