Сырдария ауданы Шіркейлі ауылындағы «Мәді қажы» серіктестігі егін егумен қатар құрылыс заттарын шығарумен де айналысады. Бұл қосымша істі үш жылдан бері қолға алған. Қазірде мұнда жиырма адам тұрақты жұмыс істейді.
– Қазір бізде сылақтың бірнеше түрі бар. Құйылмалы еден, жаңбырлы сылақ, кафель желімі, әмбебап сылақ, сонан соң эмульсияның түр-түрі шығарылады. Халыққа қолжетімді бағада сатып жатырмыз. Қалай болғанда да, облыс орталығынан тасығаннан әлдеқайда арзан түседі. Елге қызмет еткен соң бірінші кезекте сапаға мән беріледі. Бір күнде кем дегенде 500, ең көп дегенде 1500 қапқа дейін сатамыз. Көрші ауылдардан да келіп алатындар бар. Сонан соң қаладағы базарға да өткіземіз. Қазір өнімді шалғайдағы ауылда шығарсаңыз да, табыстан құр қалмайсыз. Бастысы, бәсекелестікке төтеп беру, – дейді өндіріс басшысы Нұрсұлтан Сайлаубек.
Мұнда құрылыс жүріп жатыр. Үлкен екі нысанды іске қоспақшы. Біріншісі, пескоблок шығаратын цех болса, екіншісі, құрылысқа арналған қара қағаз шығарады.