Қазіргі таңда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына 16-17 тамызда жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған сапар барысында Мемлекет басшысының корей халқының батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін корей тарапына табыстау рәсімі жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев мемлекетаралық маңызға ие шараның дайындық жұмыстарын баяндады.
Хон Бом До 1937 жылы басқа да корейлермен бірге Қиыр Шығыстан Сыр бойына жер аударылған. Өмірінің соңғы жылдарында Хон Бом До Қызылорда қаласында корей театрында вахтер болып жұмыс жасап, 1943 жылы Қызылорда қаласында дүниеден өткен.
Корей халқының ұлттық батыры генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару екі ел арасындағы берік байланыс негізінде жүзеге аспақ. Аталған маңызды шараға Корея Республикасынан арнайы делегация келеді деп күтілуде.
Жоспарға сәйкес 14 тамыз күні облыс әкімі Гүлшара Наушақызы мен корей елі өкілдері Қызылорда қаласында орналасқан Хон Бом До мемориалдық кешенінде еске алу шарасына қатысады. Одан әрі генералдың сүйегін қазып алу жұмыстары жүргізіледі. 15 тамыз күні «Қорқыт Ата» әуежайында Қазақстан Республикасының құрметті қарауылы және әскери оркестрдің қатысуымен салтанатты түрде генерал Хон Бом Доның сүйегін шығарып салу рәсімі өткізіледі.
«Аталған жұмыстардың барлығы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің келісімімен барлық халықаралық талаптарға сәйкес ұйымдастырылуда», - деді Қуаныш Әділбайұлы.
Бұдан бөлек, басқарма басшысының орынбасары ел Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қызылорда облысында бой көтеретін бірқатар нысандар бойынша екі ел арасындағы меморандумға отыру жоспарланғандығын жеткізді.