ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚТАР МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІН АТАП ӨТТІ
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін жаңақорғандықтар жоғары деңгейдегі патриоттық сезіммен мерекеледі.
«Мемлекеттік рәміздер- ұлт мақтанышы» атты шара мемлекеттік Әнұранмен басталып, «Мәңгілік ел» формасындағы жастар ҚР мемлекеттік туын, АІІБ қызметкерлері ҚР Елтаңбасын алып шығып, белгіленген орынға келіп тұрды. Шараны аудан әкімі Руслан Рүстемов ашып, аудан халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап: «Көк аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз - баға жетпес құндылықтарымыз. Ал осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру, патриоттық бағытта тәрбиелеу - басты мақсатымыз, перзенттік парызымыз»,- деп атап өтті.
Мұнан кейін, ҚР Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы №319 Жарлығына сай «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметшілері салтанатты түрде ант қабылдады.
Салтанатты шара соңы патриоттық бағыттағы әсем әндермен жалғасты.