СЫР ӨҢІРІНДЕ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ 2 ЕСЕГЕ АРТҚАН
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2016 жылы жалпы көлемі 1 млрд. 675 млн. теңге қаржы бөлінген.
Ол өткен жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Досжанов баяндады.
«Бүгінгі күні индустриалды аймақтарды дамыту шеңберінде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 2 млрд. 90 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаражат Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағының электрлік жабдықтау жүйесінің құрылысын аяқтауға және шыны зауытының газ құбыры құрылысын жүргізуге бағытталған. Жалпы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының іске асырылу нәтижесінде бүгінгі күні 7046 жұмыс орындары сақталып, 4219 жаңа жұмыс орындары ашылды», - деп атап өтті Азамат Мақсұтұлы.
Мұнан өзге, облыс әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен «Микробизнес-Қызылорда» жобасының нәтижесінде 53 микробизнес субьектілері 339 млн. теңгеге несие алып, 267 жаңа жұмыс орны құрылған.