Облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов Арал ауданында жұмыс сапармен болды.
Әуелі ауданға қарасты Райым ауылдық округі Қызылжар елді мекеніне баратын автожолдардың жағдайымен танысқан әкім орынбасары ауыл ақсақалдарымен де кездесті.
Мұнан соң Аманөткел ауылдық округіндегі «Шерхан иін» дамбысының учаскесіндегі қорғаныс бөгетін қалпына келтіру, нығайту жұмыстарын көріп шықты. Сонымен қатар, округтегі «Сүйірме» көлінің тұсындағы Сырдария өзенінің оң жаға қорғаныс бөгетін қалпына келтіру және қойтаспен бекіту жұмыстарымен танысты.
Елді мекендер бойынша атқарылған әрі алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бойынша хабардар болған С.Сүлейменовтың іссапары Арал қаласында жалғасты. Қалаға табан тіреген әкім орынбасары бірінші кезекте №2 мөлтек ауданында орналасқан «Суворов» көшесінің бойына инженерлік инфроқұрылым тарту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, әліде жүзеге асыруды қажет ететін түйіткілді мәселелерді саралады.
Жұмыс сапары барысында қаладағы әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындық жұмыстары да тыс қалмады. Бұл бағытта әкім орынбасары Арал көпсалалы колледжіне, №262 мектеп-гимназиясына бас сұғып, жылу қазандықтарының жай-күйін бақылап шықты.
Бұған бөлек, қаласда орналасқан 110/35/10 кВ Арал бас қосалқы стансасына қайта жаңғырту жұмыс барысымен де танысты.
Сапар соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық әр сала басшыларының қатысуымен қорытынды жиын өтті.