ВАГОНЫ АЖЫРАП ҚАЛҒАН «ТҰЛПАР-ТАЛЬГО» ПОЙЫЗЫНЫҢ ВИДЕОСЫНА ҚАТЫСТЫ РЕСМИ ТҮСІНІК БЕРІЛДІ
Әлеуметтік желіде вагондары ажырап кеткен жүрдек пойыздың видеосы жарияланды.
Автордың айтуынша, видео Қарағанды облысының Мойынты стансасында түсірілген. Бейнекөріністен электровоз қатты жылдамдықпен кетіп бара жатқанын, алайда оның вагондары ажырап сәл кейіндеп қалғанын көруге болады.
«Алаңдауға негіз жоқ. Бұл - жоспарлы, сертификаттау сынақтары. Кесте бойынша жүргізілуде, соңғы екі айда өткізіліп жатыр. Ол басқа пойыздар жүрмейтін жылдамдықпен өту жолдарында өткізіледі», - деп түсінік берді «Тұлпар-Тальго» ЖШС-ның өндірістік директорының орынбасары Владимир Киселев телефонмен хабарласқан «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне.
Осы видеодағы оқиға Мойынты және Киікті стансалары арасында болған.
Қазір жаңа құрамның тежегіш құрылғылары сыналуда. «Сынақ жүргізу барысында оған тек зауыттың қызметкерлері ғана атсалысады. Бөгде адамдар жоқ», - деді В. Киселев.
Компанияның ақпаратына сенсек, сертификаттау сынақтары 14 қазанға дейін созылады. Ол мән-жайды көргендерге түсіністікпен қарап, байбалам шығармауын сұрады.