Арал теңізінің құрғап кеткен ұлтаны бүгінгі күні 4 миллион гектарға жетті, деп хабарлайды 24.kz.
Осы атыраптан көкке тұзды тозаң ұшып, табиғатқа залалы аз тиген жоқ. Экологияны сауықтырудың жалғыз жолы - әйгілі айдынның бұрынғы арнасын орманды алқапқа айналдыру деп шешті мамандар. Бүгінгі күні айтулы жобаның қолға алынғанына 20 жылдан асты. Орманшылар күзде көшет дайындауға кіріседі. Теңіздің сортаң топырағына қара сексеуіл ғана төзімді. Сондықтан табиғат қорғаушылар өсімдіктің осы түрін тұқымбақта баптайды. Қарашада дәнін сеуіп, көктемде көшетін қазып алады. Жарасқан Байжанов, Арал аудандық орман қорғау жөніндегі мекеме жұмысшысы: - Бұны арасында қолмен де суарамыз. Бірақ бұл шөлге төзімді. Айына су беріп тұрамыз. Бұны дәнінен себеміз, өскесін теңізге көшет қылып егеміз. Егіншілер ерте көктемнен жерге дән тастаса, орманшылар бұл жұмысқа қоңыр күзде білек сыбана кіріседі. Қазір көшет дайындаушылардың тірлігі қызған шақ. Күтімін келістірсе, алақандай 2 гектар жерден 300 мың қара сексеуілдің шыбығы шығады екен. Файзулла Смағұлов, Арал аудандық орман қорғау жөніндегі мекеменің директоры: - Жылда біз көктем айында 500 гектар көшеттен, күзде 2 мың гектар сексеуіл ұрығынан себеміз. Кеше осы аяқтап келді балалар. Соған қырықтай маусымдық жұмысшылар аламыз. «Орманды сақтау және қорын молайту» жобасына ел қазынасынан бөлек дүниежүзілік даму банкі де қолдау көрсеткен. Өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап айдыны тартылған Арал теңізінің 4 миллион гектардай ұлтаны бар десек, соның 56 мың гектары сексеуіл, сарысазан секілді шөлге төзімді өсімдіктермен көмкерілді.