Бүгін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының өкілдері қалалық ішкі істер басқармасы мамандарымен бірлесіп «Жолда қабылдау» акциясын өткізді.
Акция аясында нұротандықтар көлік жүргізушілеріне жол сақшыларының азаматтармен қарым-қатынасы кезінде өздерін қалай ұстайтындығы жөніндегі сұрақтар қамтылған арнайы сауалнамалар таратып, жергілікті әкімшілік полциясының жол патрульдік қызметінің жұмысын бағамдады.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов «Жолда қабылдау» акциясының құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың имиджін көтеру, сондай-ақ, жергілікті әкімшілік полициясының қызметіне деген қарапайым халықтың сенімін арттыру бағытында ұйымдастырылғанын атап өтті.
Жалпы Қызылорда қаласында жыл басынан бері 133 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 19 адам қаза тапса, 137 адам жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларына әкеп соққан басты себеп ол жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдары.