Қармақшы ауданында балалар тынығатын лагерь салынатын болды.
Осыдан 10 жыл бұрын Сырдарияның суы тасып, жағалаудағы жалғыз «Жасұлан» лагерін шайып кеткен еді. Содан бері қармақшылық оқушылар көрші аудандарға немесе Көкшетау мен Алматыдағы лагерьлерге жол тартады. Көбісі мектеп жанындағы түрлі үйірмелерге ғана барады. Бұл мәселе енді шешімін тапты. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 280 млн теңгеге бір маусымда мың оқушыны қабылдай алатын демалыс орны салынбақ. Жаңа лагерьде оқушылардың білімін арттыруға арналған Ұлттық бірыңғай тестке даярлау орталығы да жұмыс жасайтын болады.
— Жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь болады. Онда жазда ғана емес, қыс айларындағы демалыс мезгілдерінде мектептен тыс, сабақтан тыс олимпиадалар өткізіледі, — дейді аудан әкімі Сұлтан Мақашов.