Өлілер қатарына еніп кеткен жігіт дәрігерлердің жазалануын қалайды
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тұрғыны Серікхан Жүзеев өзінің «өлілер» қатарына қосылып кеткенін естіп, естен танып қала жаздапты, деп хабарлайды 7 канал. Ал суыт хабарға, анасының жүрегі шыдамай, қан қысымы көтеріліп, құлапты. Қалада төртінші курста оқитын жігіттің қайтыс болғандығы туралы хабарды ауылдықтарға аурухана қызметкерлері таратыпты. Енді ақ халаттылар тірі адамның электронды жүйеге «өлді» деп қалай тіркеліп кеткендігін өздері де білмей отыр.
Серікхан ЖҮЗЕЕВ:
- Шағын ауылда өте әңгіме тез тараған, біреулер өлді деп, біреулер моргтен ала алмай жатыр екен деп.
Өмірінде бірінші рет мұндай жағдайға тап болған Серікхан сол күнгі әсерінен әлі арыла алмай жүр. Құрдастары «бір жылда екі туған күніңді тойлайтын болдық» деп әзілдейтін көрінеді. Бірақ "бұл жағдай анамның денсаулығына қатты әсер етті", -дейді ол. Қаралы хабарды ести сала ауылдастыры Серікханның үйіне көңіл айтуға ағылыпты.
Серікхан ЖҮЗЕЕВ:
- Өлді деп ауылға барып хабар беріп, ауылда қанша халық шулап, ағайын-туыстармыз. Менің шешемнің өзінің денсаулығына қанша зардап келіп отыр. Мұны жауап беретін адамдар табылу керек қой. Базадан қате кеттік, компьютерден қате кетті дегенімен біздің елдің Қазақстанның соншалықты денсаулық саласының ақпараттық жағдайы төмен дәрежеде емес қой.
Серікханның айтуынша, анасына өзінің өлгенін ақ халаттылар естірткен. "Бірақ енді бастарын алып қашуда", -дейді. Күнделікті бақылап отырған электронды жүйеге мұндай ақпаратты кімнің енгізгенін дәрігерлер түсіне алмай дал.
Ғалия БАЙҒОЖИНА, Жаңақорған аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Бұл қателік мүмкін бізден де кетпеуі мүмкін. Біз енді оператор айтып тұр ғой. Облыста РЕАЦ деген мекеме бар. Сол тікелей Астанаға хат жазыпты қателігін шешіп беріңіздер деп. Соның жауабын күтеміз.
Медициналық мекеме қызметкерлері қайтыс болғандар туралы арнайы құжат толтырып, жүйені жаңартып отыратындықтарын растағанымен, қателікті мойындағылары жоқ.
Ғалия БАЙҒОЖИНА, Жаңақорған аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-Жоқ бізден бөлек тіркемейді. Біз адамдар қайтыс болған кезде анықтама жазып береміз. Біз болғанда именно өзінің аймақтық дәрігері жазып береді оған бас дәрігер немесе мен орынбасар қол қоямын. Мекеменің мөрі басылады содан кейін барып ЦОНҒА жібереміз.
Ал Серікханды қазір таныстарының «өмір жасың ұзақ болады» деген сөздері ғана жұбатады. Бірақ өзін өлгендер қатарына енгізіп қана қоймай, анасының да өміріне қауіп төндірген ақ халаттылардың жазасын алғанын қалайды.