Шиелі ауданында тұратын Е. мен С. инкассатор болып жұмыс істеп жүрген еді. Күндердің күнінде оларға өзгеше ой келді. Алдын-ала уәделесіп, бөтен мүлікті ірі мөлшерде ұрлауға келісіп, қылмыстық жоспар жасаған.
Аудандық соттың хабарлауынша, банк филиалы бөлімшесінің кассирі К. банкінің ақша сақтау қоймасына кіре беріс бөлмесінде касса меңгерушісі Ж.-дан жалпы сомасы 73 827 401, 21 теңге ақшаны қабылдап алды. Аталған ақшаны жалғыз өзінің касса бөлмесіне дейін жеткізуіне шамасы келмеуіне байланысты, сотталушы Е.-ны көмекке шақырған. Осыдан кейін сотталушы Е. банктің ақша сақтау қоймасына кіре беріс бөлмесінен кассир К.-мен бірге арнайы ақша салатын қапқа салынған жоғарыда көрсетілген жалпы сомасы 73 827 401,21 теңге ақшаны алып шыққан.
Содан соң сотталушы Е. өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында кассир К.-ны алға жіберіп, өзі ақша салынған арнайы қапты арқалайды. Дәліз бөлмесінен банктің операция залына кіретін есіктің қасына келген кезде, сәл кідіріс жасады. Сол жерде орналасқан әжетхана бөлмесінің алдында алдын-ала келісімге сәйкес өзін күтіп тұрған сыбайласы, С.-ға өзі көтеріп алып келе жатқан ақша салынған арнайы қаптың ішінен бір бумаға түйілген, жалпы сомасы 1 000 000 теңге ақшаны алып берген. Өз кезегінде сотталушы С. ол ақшаны келіскен жоспарға сәйкес, әжетхана бөлмесінің ішіндегі унитаздың артына жасырып қойған.
Кейіннен сотталушылар Е. мен С. өздері ұрлап алған 1 000 000 теңгені өзара бөлісіп алған. Сотта сотталушылардың екеуі де өз кінәларын толық мойындап, келтірілген залалды толық өтегендерін көрсетіп, бас бостандықтары өздерінде қалатындай жаза тағайындауды сұрады.
Ал, жәбірленуші өкілі өзінің жауабында, бүгінгі күні залалдың толық қайтқанын көрсетіп, сотталушыларға заң талабына сәйкес шара көруді сұраған. Сот сотталушыларды Қазақстан Республикасының ҚК-нің 175-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп танып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, Қазақстан Республикасының ҚК-нің 63-бабы қолданылып, сотталушыларға тағайындалған жаза шартты деп саналсын деп үкім етті. Үкім заңды күшіне енбеген.