Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін, егіс алқабы зиянды организмдерден таза болуы қажет. Ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы, сапалы, тиімді жүргізу үшін жұмыс тобы құрылып, тиісті шаралар жүргізілуде.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының аумақтық инспекция басшысының орынбасары Жаннат Дүзелбаева мәлім етті.
«Зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шаралар» туралы жұмыс тобының бірінші отырысы өткізіліп, барлық аудан және қала әкімдеріне шегірткеге қарсы тиісті жұмыстарды уақытылы сапалы ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар беріліп, тиісті шаралар атқарылуда.
Тиісті сала басшыларының айтуынша облыс бойынша италиялық прус зиянкестеріне қарсы жүргізілген жазғы-күзгі мониторинг қортындысымен 2017 жылға 68 378 гектар жерге және ерекше қауіпті азиялық шегіртке зиянкестеріне қарсы 84 947 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Республикалық бюджет қаржысы есебінен барлық өңделетін көлем -153 325 гектарды құрап отыр. Өңдеу жұмыстарын 27 мамырдан 30 маусымға дейінгі аралықта жүргізу межеленіп отыр.