А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты Қызылорда қалалық педагог қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Кеңес жұмысын қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қорытындылады. Шаһар басшысы аталмыш саланы дамыту және жаңа заман талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен қолдауларға тоқталды.
– Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Оның ішінде біздің қаламызда да көптеген оңды істер атқарылуда. Жыл сайын жаңа білім ошақтары мен балабақшалар пайдалануға беріліп, материалдық техникалық базалары жаңартылуда және мектептер күрделі жөндеуден өткізілуде. Жыл сайын қала бюджетінің 45-50 пайызын білім саласына бағыттап келеміз. Биылғы жылы 21 млрд.теңге қарастырылды, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, қала әкімі білім саласын әрі қарай жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Мәселен, электронды балабақша жүйесіне мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын толығымен ендіру керек. Себебі, бүгінгі таңда жеке балабақшаларда кемшіліктер орын алып жатыр. Сонымен қатар, қағазбастылықтан арыла алмай отырған білім беру ұйымдары әлі де бар. Сондықтан интернет желісінің жылдамдығын арттырып, "Күнделік KZ" электронды журналына 100 пайыз көшуді қолға алу қажет. Балалардың қосымша білім берумен қамтылу көрсеткіші де өз деңгейінде емес. Сол үшін де жас өрендер өзін-өзі функционалды сауатты, жан-жақты дамыту үшін мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Мектеп оқушыларының қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жұмыстар өз деңгейінде орындалуы міндетті. Себебі, 2017 жылы оқушылардың қатысуымен 8 құқықбұзушылық оқиғасы орын алса, 2018 жылдың осы кезеңіне дейін 4 рет оқушылар арасында құқықбұзушылықтар тіркелген.
Қала көлемінде 3000-ға жуық ерекше қолдауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі өрендер бар. Сондықтан инклюзивті топтар мен сыныптар желісін кезең-кезеңімен көбейту – бүгінгі күннің басты талабы. Ал, оқушылардың білім сапасын көтеруде, педагог қызметкерлердің, әсіресе білім беру ұйымдары басшыларының біліктілік деңгейінің жоғары болуы маңызды екені белгілі. Сондай-ақ, ата-аналар бала тәрбиесі алдындағы міндетін сезінуі тиіс. Осыған орай, ата-аналар комитетінің ролін күшейтіп, олардың арасындағы жауапкершілікті арттыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуы керек. Себебі, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру арқылы ғана жетістікке жетуге болады.
Жиын соңында білім саласының дамуына айрықша үлес қосып, ерекше шығармашылығымен, жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздар қауымы қошеметке ие болды. Оларды қала әкімі Н.Нәлібаев алғыс хаттармен марапаттап, ноутбуктер сыйға тартты.