2018 жылғы 23 ақпан күні ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Қызылорда қаласы бойынша арнайы мониторингтік топ құрылды.
«Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры арнайы мониторингтік топтың бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылорда қаласында 2018 жылдың наурыз-мамыр айларында 1 қоғамдық қабылдау, 2 семинар, 4 сұхбат алаңдарын, 2 акция ұйымдастырды.
Атап айтқанда, 2018 жылдың 29 наурызында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінде құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында қоғамдық қабылдау өткізілді.
2018 жылдың 25 сәуірінде және 17 мамырында Тасбөгет кентінде орналасқан С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Белсенді азаматтық қоғам – сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстан» тақырыбында көпшілік акция өткізілді.
Акцияға Қызылорда облысының білім және денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлері мен М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің студенттері қатысып, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуге бағытталған флеш-мобтар, тақырыптық көріністер көрсетілді. Ұйымдастырылған акцияларға 500-ден астам көрермендер қамтылды.
2018 жылдың 15 мамырында Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі мен «Болашақ» университетінің колледжінде және 16 мамырда И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Құқықтық сана және мәдениет» тақырыбында сұхбат алаңдары өткізілді.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 17 мамырында облыстық медициналық орталықта және қалалық ауруханада «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ парызымыз» тақырыбында семинарлар ұйымдастырылды.
Шараға қоғамдық қор директоры, арнайы мониторингтік топ жетекшісі Ж.Тұсмағамбетов, қоғамдық қор директорының орынбасары Ж.Алтынбасова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы А.Сәлімжанқызы қатысып, медицина саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, онымен күресу туралы хабарламаларын жасап, қатысушылардың сауалдарына тұщымды жауаптарын берді.
Аталған бағыттағы жұмыстар бекітілген жоспар бойынша жалғасын табатын болады.