Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР МЕКЕНІ


Үстіміздегі жылы Қызылорда қаласына 200 жыл толады. Сол шежірелі жылдардың тарихын баяндайтын көне ғимараттар біздің шаһарда аз емес.
Қаланың темір жол вокзалының тура жанында шағын ғана ғимарат орналасқан. Сырт қарағанда елеусіздеу көрінетін қарапайым нысанға бас сұға қалсаңыз, құдды бір тарих қойнауындағы өткен ғасырға кері оралғандай күй кешесіз. Оның қабырғасындағы әрбір құнды жәдігер келушілерге тарғыл тарих беттерінен шежірелі сыр шертіп тұрғандай. Тіпті, сонау қадым заманнан қалған халқымыздың келі-келсап, диірменін қолмен ұстап көргендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сыры кетсе де, сыны кетпеген олардың әрқайсысының бет-бедерінде сан мың жылдық тағдырдың талай ізі сайрап жатқаны анық.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт музейі филиалына бара қалсаңыз, дәл осындай әсерге бөленуіңіз бек мүмкін. Ал, өткен күн тағылымын түйсінуге бекінген әрбір жанның сүйікті мекеніне айналған орынның 113 жылға тарта тарихы барын біреу білсе, біреу біле бермейтіні даусыз. Себебі, бүгінге дейін бірнеше мәрте жөндеуден өткен музей филиалының іргетасы сонау 1905 жылы қаланғаны қарапайым жұртқа беймәлім. Алғаш әскери казарма ретінде салынған нысан 1917 жылы қайта қалпына келтіріліпті. Қос ғасырлық шежіресі тасқа басылған Қызылордада кеше мен бүгінді жалғаған осындай байырғы мәдени орындар саны жетіп артылғанымен, бұл рухани орданың орны өз алдына бір төбе.Бұл ғимарат 2004 жылы Ақмешіт музейі ретінде есігін қайта айқара ашқан еді. Содан бері келушілердің ерекше қызығушылығын оятатын рухани шаңыраққа айналды. Бүгінде 2000-нан астам бай жәдігерлері бар музей қоры қазақ тарихындағы астаналар – Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана қалалары туралы айрықша маңызды мағлұматтармен бөліседі. Сонымен қатар, оның экспозициялық залдарынан «Ақмешіт-Перовск» қалаларының тарихы, Қызылорда ҚазССР-нің астанасы, ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдерінің тұрмысы мен олар тұтынған небір бағалы бұйымдарды кездестіруге болады. Ауқымды 4 залды құрайтын музейдің біріншісінде Ақмешіт бекінісінің макеті қойылған. Тайға таңба басқандай жасалған дүниеде саз балшыққа майда сабан араластыра салынған бекініс қолмен қойғандай анық кескінделіпті. Әрбір бөлшегіне дейін аса мұқияттылықпен қарасаңыз, қамал қабырғаларында ұзын тісті қорғаныштар, бұрыштарында зеңбіректер орналастырылған мұнараларды байқауға болады. Бекіністің өзен жағасындағы мұнарасына темірмен құрсауланған мықты қақпа орнатылыпты. Оның ішіндегі үш құдық, екі мешіт-медресе және балшықтан салынған үйлер де көзге бірден түседі. Дереккөздерге сүйенсек, әлгі екі мешіттің бірі – қазіргі қала орталығындағы – «Айтбай» мешіті деседі. Сол кездегі құрылысшылар саяси ахуалды ерекше ескерсе керек, орданың айналасы орлармен қоршалып, суға толтырылыпты. Тарихшылар мұнда әйелдер мен балаларды қоспағанда 400-ге жуық қоқандықтар мен қазақтар тұрғандығын растайды. Қызығушылықпен қараған адамға кішкентай ғана макет ескі қала жайлы осыншама құнды деректерді алға тартады. Ал, келесісінде Абай Құнанбаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров секілді ұлы ақын-жазушыларымыздың 90 жыл бұрын латын қарпінде жарық көрген шығармалары аз данада сақталған. Себебі, кезінде қазақтың астанасы болған – Қызылордада латын қарпінде көптеген көне кітаптар баспа бетін көрген. Солардың ішінде түпнұсқа еңбектер де кездеседі. Соның бірі – Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы таза латын қарпінде шыққан «Әліп би» кітабын музей қызметкерлері көздің қарашығындай сақтап отырғандарын айтады. Парақтары сап-сары рең тартып, селдірей түскен дүние – бағалы байлық көзі екені даусыз.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: