Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

«Қызылөзекте» қызу тіршілік

Ауыл – елдің айнасы. Қазір көптеген атақоныстың тұрмысы түзелген. Тіпті қаладан айырмасы жоқ ауылдар бар. Түзу жол, жарық көше. Әлеуметтік нысандар да заман талабына сай бой көтеруде. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, спорт кешені, балалар ойын алаңқайы ел игілігіне берілуде. Шағын кәсіптің негізгі көзі де ауылда. Әсіресе қыз-келіншектер арасында кәсіпке бет бұрғандар көбейді. Олар тәтті, нан, сүт өнімдері мен тігін цехы сынды жеңіл кәсіп арқылы табысқа жетуде. Міне, жаңашылдыққа қадам басып, дамудың жолына түскен ауылдардың қатарында «Қызылөзекте» бар.


Қала іргесіндегі «Қызылөзекте» қызу тіршілік. Көркі келіскен ауылдың берекесі ұйыған. Мұны ақжарқын ауыл азаматтарының ақкөңіл, жайдары жүзінен аңғарасың. Ауылда жағымды жаңалық жетерлік. Былтыр ауылдың кіреберісіндегі «Қожақ автомобиль көпірі» жөнделеді делінген. Көпір өткен ғасырдың алпысыншы жылдары пайдалануға берілген. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Әбден тозығы жетіп, қауіпті орынға айналған еді. Осы мәселеге алаңдаған ауыл тұрғындары шаруаның дер кезінде қаралып, оң шешімін тапқанына қуанышты.
Қазір «Қожақ көпірінің» жөндеу жұмысына қаржы қаралды. Мердігер «N Строй Сервис» ЖШС мекемесі құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуде. Сәуір айында басталған жұмыс қыркүйекте аяқталмақ. Бірақ мердігер құрылыс мерзімінен бұрын бітеді деп жоспарлауда. Өйткені дәл қазір жұмыстың 70 пайызы орындалып қойған.
Ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар ауылдың тыныс-тіршілігінен бөлек, биыл атқарылған ауқымды істер мен алдағы  тың жобалар жайында кеңінен айтып берді.
– Осы жылы тындырымды шаруа көп. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылып жатыр. Көпір жақын күндері пайдалануға беріледі. «Қараөзек» бекетінен балалар ойын алаңы салынады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Қараөзек» ауылындағы «Тағзым алаңына» жөндеу жұмысы жүргізіліп, ауласына брусчатка төселді. Алдағы уақытта алаңның қоршауларын жаңарту жоспарланып отыр, – деді ол.
«Қызылөзекке» «Қараөзек», «Айнакөл» елді мекендері мен «Қараөзек» бекеті қарайды. Мұнда 3500-дей адам тұрады. Жер көлемі – 77 796 гектар. Биыл ауыл бюджеті 723 млн теңгеге жетсе, салық түсімі бойынша жылдық жоспардың 67,4 пайызы орындалған.

Инфрақұрылым – ел игілігі

«Қызылөзекте» инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Осы кезге дейін өзекті болған мәселенің бірі округке қарасты 3 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғырту жұмысы еді.  Қазіргі таңда онда ВЛ-10 кВ электр бағаналары орнатылып, заманауи СИП (өзін көтеруші оқшауланған сым) электр желісі жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыруға тиісті қаражат қаралған.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жиенбай Айдарәлі елдегі оң өзгерістерге көңілі толады. Осы кезге дейін тозығы жетіп тұрған көпірдің  жөнделуі үлкен өзгеріс екенін айтады. Жақын уақытта ел игілігіне берілетін көпір ауыл өмірінің жаңа тынысы деп бағалайды.
– Балалық шағымыз ауылда өтті. Білім алып, елге оралғаннан кейін инженер-электрик болып қызмет еттік. Баяғы ауыл көрінісі әлдеқайда өзгерген. «Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтылмаған. Ауыл тірлігі жанданып келеді. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан да қолдау артуда. Осылайша ауыл әлеуеті көтеріліп, тұрмысы түзелуде. Сапалы, тегіс жол салынып, жарықтандырылуда. Жастардың білім алуына, елге қызмет етуіне де мүмкіндік көп. Нәтижесінде олар ауылдың дамуына үлес қосуда.  Шүкір, ауыл азаматтары да аянып қалып жатқан жоқ. Туған жерін түлетуге, өркендетуге ықпал етіп келеді. Жарық мәселесі де кезеңімен шешілуде. Себебі, сонау ерте кезде орнатылған қондырғылардың тозығы жеткен еді. Қазір электр желілері жаңартылып, қондырғы қойылып жатыр. Мен осы саладан зейнетке шықтым. 2022 жылдан бастап ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Бізге де жүктелген іс көп. Ауыл әкімі үнемі  кеңес мүшелерімен ақылдасып отырады. Иә, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген. Барынша білген-түйгенімізді айтып, ортаға саламыз. Бәрі де ел қамы үшін ғой. Ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жалғыз тұратын егде кісілердің де жағдайын назардан тыс қалдырмаймыз. Жастарға да бағыт-бағдар беріп,  келелі ойымызды айтамыз, – деді ол.
Байқағанымыз, ауыл көшелері ретімен, түзу орналасқан. Жолдың жайы көңіл көншітеді. Биыл да ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 3 көше жөнделеді. Атап айтар болсақ, А.Құнанбаев, «Қараөзек бекеті-4» және М.Жабағыұлы тұйығы. Сондай-ақ  «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ұзындығы 3 шақырымды құрайтын 2 көше күрделі жөндеуден өтуде. Тұрғындардың сұранысына орай жыл соңына дейін тағы 2 көше жөнделеді. Атап айтар болсақ, М. Жабағыұлы мен Айнакөл 1 көшесін жөндеуге қаражат қаралды. Жақын арада асфальт төсеу жұмыстары басталады. Көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату да тыңғылықты жүргізілуде. Мәселен, биыл Қорқыт ата көшесі жарықтандырылады.
Ауылдық округті газдандыру мақсатында қала қазынасынан қаражат бөлініп, ауылға қарасты 3 елді мекенді ілеспе газбен қамту жұмысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қорытындысы шықса, жобаны қаржыландыру жөнінде республикалық бюджетке ұсыныс берілетін болады.
«Қараөзек» елді мекеніне аяқсу жеткізу үшін «ДСУ» учаскесіне электр желісі жеткізіліп, ауыл әкімі аппаратының меншігіндегі жаңа СНПЭ-500/10 электр насостық қондырғысы арқылы ауыл аяқсумен толық қамтылған. «Орталық» канал бойында орналасқан электр насостарының тозуына байланысты былтыр қуаты 18,5 кВт  болатын 1 үлкен және 3 кВт шағын электр насостық қондырғысы сатып алынды. Ауылға қарасты елді мекенді ауызсумен «Қазсушар» ШЖҚ РМК-нің «Сыр суы» филиалы қамтамасыз етеді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ауызсу желісі жеткізілген, сондықтан мұнда ауызсудан мәселе жоқ.
Ауыл қалаға жақын болғандықтан, қоғамдық көлік уақытылы қатынайды. «Қызылорда автобус паркі» мекемесінен «Қызылорда-Қараөзек» бағытына үлкен сыйымдылықтағы №29 автобус күніне 3 мезгіл жүреді. Бағасы да қалтаға қонымды.

Кәсіп түбі – нәсіп

Қуаныштысы, кейінгі жылдары аймақтың көптеген елді мекенінде шағын кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Оған елдің тыныс-тіршілігін жазып жүргендіктен куә болып отырмыз. Мемлекеттік қолдауды сезінгендер ісін ілгері жылжытып отыр. Ауылда 197 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 162  жеке кәсіпкер, 30 шаруа қожалығы, 4 АӨК  және бір ЖШС бар. Жыл басынан бері 6 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Сондай-ақ 2 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жыл басынан бері 2 азаматтың жобасы қолдау тапты. Бірі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 5 млн теңге несие алса, екіншісі «Ауыл аманаты» жобасы аясында қажет қаражатқа қол жеткізді. Кәсіпкер «Тоқылған және трикотаж шұлық-ұйық бұйымдарын өндіру» жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде тігін машинасы мен тоқыма тоқитын құрылғы сатып алып, қыз жасауын дайындап, тоқыма шұлықтар, қолғап, сырт киім шығарып, 3 адамды жұмыспен  қамтып отыр. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2 жоба қаржыландырылған. Жалпы мұнда кәсіпкерлікті  кеңейткендердің қатары жылдан жылға артуда. Тұрғындар нан өнімдері мен азық-түлікті қаладан тасымайды. Жергілікті кәсіпкерлер цех ашып, ауыл халқын қамтып отыр.
Ауылда кәсіпкерлік тізгінін ұстаған жастар да көп. Солардың бірі – Әсел  Елешова биыл мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жеңілдікке ие болды. Бүгінде ол тігін цехын іске қосты. Бала күнінен ине ұстауға икемді болған  ол кәсіби маман атанды. Берекелі ісін кәсіпке айналдырды. Жоғары білім алып, басқа мамандықты таңдаса да тігіннен қол үзбеді. Ақыры жаны қалаған мамандығын дамытуды көздеп, білімін жетілдірді.
– Ұлттық өнерге деген қызығушылық қайта оянды десем болады. Қазір қазақы нақыштағы киімдер сұранысқа ие. Себебі ұлттық киімді заманауи үлгіде ұштастырып, күнделікті киюге лайықтап тігіп жатырмыз. Бұл – қуанарлық дүние. Біз күздік, қыстық сырт киімдерді, шапан, көйлек, спорттық киімдерді де ою-өрнектермен кестелеп, сәнін келтіреміз. Кейде тұтынушы талғамына сай тігеміз, – дейді ол.
Ісмердің арманы – ұлттық киімдерді қайта жаңғырту. Сол үшін ол көп еңбектенеді, ізденеді. Оның құрал-жабдығы да жаңа. Жұмыс істеуіне өте ыңғайлы. Ал жеке кәсіпкер Әліп Рахымжан 2018 жылы «Әліп» шаруа қожалығын құрды.  Қазір қожалықта  60-қа жуық сиыр мен 20 шақты жылқы бар. Бұдан бөлек, кәсіпкер 2022 жылы органикалық тыңайтқыш өндіру мақсатында «Сырдария-Көкшетау» несие серіктестігі арқылы 7 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Қаражатқа МТЗ-82 тракторы сынды қажетті техникаға қол жеткізді. Осылайша кәсіпкер мал шаруашылығымен қатар «Калифорниялық шылаушын» өсіріп, органикалық тыңайтқыш «Биогумус» өндірумен айналысып келеді.
Шаруа өндірген өнімін диқандар мен ағаш, жеміс-жидек өсіретін мекемелер мен жеке тұлғаларға саудалайды.
Ауыл шаруашылығы саласына келер болсақ, биыл 476 гектарға дақыл егілген. Диқандар алқап басында. Уақытылы суарып, егіннің бітік шығу қамында жүр. Сондай-ақ мал басы 10 мыңға жуықтады. Оның ішінде МІҚ  3118, қой-ешкі 3768, жылқы 1696,  түйе 612, құс 776 бас.
Халықтың әл-ауқаты әлеуметтік жағдайымен өлшенеді деп бекер айтылмаған. Мұнда экономикалық белсенді халық саны 1752 адамды құрайды. Оның ішінде  1130-ы жұмыс істесе, 598-і өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Мемлекет тарапынан 11 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Жергілікті жомарт жандар да тұрмысы төмен отбасыларына қолдау білдіріп келеді. Кәсіпкерлердің демеушілігімен 21 отбасына азық-түлік таратылған. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың   белсенді шаралары арқылы 19 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. «Күміс жас» бағдарламасына 6, «Жастар тәжірибесімен» 1 адам қамтылды. Ал 17 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. 

Әлеуметтік саладағы ілгерілеу

Ауылдық округтегі үш орта мектепте барлығы 590 бала білім алады. Бұдан бөлек, №39 мектеп жанындағы шағын орталықта 45 бала тәрбиеленуде. Балаларды арнайы автобус тасымалдайды. Мектеп бітіруші 38 түлектің 33-і ҰБТ-ға қатысуда. Нәтиже де жаман емес. Оның ішінде 4 «Алтын белгі» мен 4 «Үздік аттестатқа» үміткер бар. Сонымен қатар балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыру мақсатында бірқатар шара атқарылуда. 
Сондай-ақ ауылдық клуб пен кітапхана есігі қашанда ашық. Клубта 8 үйірме бар. «Әжелер» ансамблі, «Бозторғай» ән, «Көркемсөз» мәнерлеп оқу, «Жауқазын» би, «Шертпе» домбыра, «Қолөнер» үйірмесі мен «Орда-kz» ВИА, «Жастар» КТК сынды үйірмелер жастардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық мүмкіндікті қарастырған. Кітапхана клуб ғимаратында орналасқан. Кітап қоры – 13433 болса, оқырман саны – 815. Онда интернет желісі тартылған. Жаңа кітаптармен толығып отырады. Клубта түрлі іс-шаралар мен байқаулар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Ауылдық округтегі дәрігерлік амбулатория және 2 медициналық пунктте 2 дәрігер және 10 медицина қызметкері тұрғындарға қызмет көрсетеді. «Айнакөл» және «Қараөзек» бекеттеріндегі медициналық пункттер 2011 жылы пайдалануға берілген, «Қараөзек» ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2020 жылы салынды. Мұнда тұрғындар үшін қажетті медициналық көмектің бәрі қарастырылған. Дәрігерлер егде жастағы кісілер мен балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үй-жайына барып, медициналық көмек көрсетеді.

Сара АДАЙБАЕВА
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: