Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Юрий Ким: Келешегімізді қазақ елімен байланыстырамыз

Мен 1942 жылы Қызылорда облысында дүниеге келдім. Менің бүкіл өмірім осы Сыр өңірінде өтті. Мен осы жылдар ішінде мектепте физика пәнінің мұғалімі, жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары, одан соң осы спорт мектебінің директоры, содан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы қызметтерін атқардым.
Мен қазақ елінде жүріп өз еліме, халқыма қажет екенімді әрдайым сезінетінмін. Қазақ халқы біздің еңбегімізді әрқашан бағалай білді. Қазақстанда мен сияқты өзге этнос өкілдері көп. Олардың бірқатары мемлекеттік қызметте жүрсе, енді біршамасы ғылым мен мәдениетте, басқалары өндіріс пен бизнестің әртүрлі салаларында өздерін танытып, қызмет етіп жүр.
Қазіргі таңда зейнет жасында болсам да, аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, Қазақстан халқы ассамблеясының мәдени іс-шараларында өз үлесімді қосып келемін.
Алғыс айту күні мен Ассамблеяның мерейтойы қарсаңында қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Кезінде тағдырдың жазуымен жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерінің аяққа тұруына көмек көрсетіп, қолдау білдіргендері үшін мың алғыс. Біз қазақ топырағына түскен этникалық топтардың ұрпақтары бұл халыққа шексіз ризамыз.
Біздің ата-аналарымыз өздері осы қазақ жеріне келгенде оларды құшақ жая қарсы алып, достық қарым-қатынас орнатып, тату-тәтті өмір сүргендерін әрқашан қуанышпен еске алатын. Ашаршылық кезеңінде де жер аударылғандармен бірге соңғы нанын бөлісіп жеген қазақ сол заманда да қиындықтардан аман өткен. Қазақ халқы 1937 жылы кәріс ұлтына да қолдан келгенді аянбай, көмек көрсетті. Әкемнің айтуынша, біздің жағдайымызды көрген қазақтар көмек ретінде бұзау мен қой берген екен. Бұл біздің отбасымыздың қыстан аман шығуымызға мүмкіндік берді.
Бүгінде біз бейбіт елде, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қазақ жерінде менің балаларым, немерелерім дүниеге келді. Мен өз өмірімді тек Қазақстанмен, сүйікті Қызылордаммен байланыстырамын.
Мен баршаңызды елімізде қалыптасқан бірлікті, татулық пен келісімді сақтауға және нығайтуға шақырамын. Баршамызға ашық және бейбіт аспан тілеймін.

Юрий Ким,
Қызылорда облыстық корей этномәдени
бірлестігі төрағасының орынбасары
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: