Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Адам өлтіргені үшін 19 жастағы жігіт сотталды

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бір адамды өлтіргені, екіншісін пышақпен жарақаттағаны үшін және досының жасаған қылмысын жасырғаны үшін екі жас жігітке қатысты үкім шығарды.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласында орналасқан «Версаль» кафесінде демалып отырған екі достың біреуі сағат түнгі 2-лер шамасында сыртқа шығып кетеді. Кафе жанында тұрған бір топ жігіттің арасында ұзын бойлы жігітті көріп ол одан «бойын қанша?» деп сұраған. Ұзын жігіт «менің бойымда шаруан болмасын» деп жауап берген. Сөйтіп, екеуі ерегісіп қалып, ақырында ұрыс төбелеске айналып кетеді. Сотталушы қалтасындағы пышағын алып ұзын жігіттің иығына сұғып алады. Пышақты көрген ұзын жігіттің достарының біреуі араша түсіп екеуін ажыратпақ болған. Алайда, сотталушы оған да бірнеше рет пышақты сұғып алады. Ол жігіт алған жарақаттардан жерге құлайды.
Осы кезде сотталушының досы кафеден шығып, төбелес болып жатқан жерге жүгіріп келіп, досының қолындағы пышақты алып, кафе жанындағы өсімдіктер жаққа лақтырып жіберіп, оған «бұл жерден қаш» дейді.
Пышақтан жарақат алған жігіттің достары ішіндегі біреуінің автокөлігіне мініп, оны ауруханаға жеткізеді. Алайда, алған ауыр жарақаттардан және қаны көп кеткендіктен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмайды, екінші жәбірленушіге дәрігерлік көмек беріліп, ол аман қалады.
Сотта қайтыс болған баланың әкесі сотталушыларға ешқандай кешірім бермейтіндігін айтып, оларға заңға сәйкес ең қатаң жаза беруді және 10 000 000 теңге моральдық шығынды өндіруді сұрады.
19-жасар сотталушы адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтіндігі белгіленді. Одан басқа, қайтыс болған баланың әкесінің пайдасына 1 000 000 теңге моральдық шығын өндірілді.
Екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді.
Адамды өлтіргені үшін сотталған жігіт қабылданған үкімге наразы болып апелляциялық шағым берді. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз, сотталғанның шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.  

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: