Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыс әкімі ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл болды. 
Жиынға «Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері» одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов, облыстық «Ауған соғысының ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов, облыстық «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарас Оспанов қатысып, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
«Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, сондай-ақ, Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 32 жыл толып отыр. Ауған соғысына қатысып, бүгінгі бейбіт күні елге болсын деп қызмет жасап жүрген ардагерлеріміз қашанда құрметке лайық. Олардың ғибратты ғұмырын көпке үлгі, өскелең жас ұрпаққа өнеге ету - біздің басты мақсатымыз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде Бақытбек Смағұл көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, Ауған соғысы ардагерлері жастарға отаншылдық рухпен ерліктің үлгісін көрсетуге мүдделі екенін және бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін айтты.
Ал, Шәріпбай Өтегенов аудан соғысы ардагерлеріне қаралған әлеуметтік көмекті ұлғайту бойынша ұсынысын жеткізді.
Облыс әкімі көтерілген мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен қаралатынын айтып, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылған «Республикалық ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының орталық кеңесінің ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына» арналған конференция жұмысына сәттілік тіледі. 
Еске салайық, Ауған соғысына елімізден 22 мың сарбаз қатысса, оның 942-і туған жерге оралмады. Сыр өңірінен 827 адам аттанып, оның 18-і Ауған жерінде ажал құшты. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: