Арал ауданы әкімінің есепті кездесуі ас тұзын өндіретін Жақсықылыш кентінде жалғасты.
Өзге жұрт бұл ауылды дүниежүзілік стандартқа сай йодталған ас тұзымен өндірумен жақсы біледі. Олар тұзбен елімізді ғана емес алыс-жақын шет елдерді қамтамасыз етіп отыр.
Кенттегі 667 отбасы және 23 шаруа қожалығы мал өсірумен айналысады. Соның ішінде, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Қази» шаруа қожалығы 191 бас қой, 9 қошқар алса, «Құлан» бағдарламасы аясында дара кәсіпкер С.Жұбаниязов 16 бас бие, 2 айғыр сатып алған. Ал, «Сыбаға» бағдарламасымен 5 шаруа қожалық 197 бас аналық сиырға және 7 бас асыл тұқымды бұқаға субсидия алып, жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, былтыр Жақсықылыш кентінің басты көшелеріне жарық шамдарын орнату үшін «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бойынша 15 127,0 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Бұдан бөлек, шағын кәсіпкерлер саны 88-ге жетіп, жер, мүлік, көлік салықтары 100 пайызға орындалып отыр.
Өткен жылы білім саласы бойынша да айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізген. Атап айтқанда, 2016 жылы кенттің 2 түлегі Алтын белгі, 2 түлегі Үздік аттестат иегері атанса, 5 түлек 100 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Жалпы бітіруші түлектердің 20-сы мемлекеттік білім грантына түсті.
Жиында алдағы жылдың еншісіне белгілеген міндеттерінің жоспарымен бөліскен аудан әкімі халықты ауызбіршілікпен жұмыс жасауға шақырды. Бір жылды артқа тастаған кент тұрғындары болса есепті кездесуге белсене қатысып, алда әлі зор жетістіктерге жететіндеріне сенім білдірді.