Кеше бір қызық болды. Қысқаша айтсам, былай... Күн жексенбі болғандықтан үлкен екі балам далаға ойнауға кеткен. Бір жақын танысымның өткен аптада әкесі қайтыс болып, түске соған құдайыға шақырған-ды. Сықиып киініп алып, соған баруға үйден ертерек шықтым. "Дәш-дәш" деп, екі жасар балам мен келіншегім үйде қалды. Бірінші қабатқа түскенде қалтамды қармансам, беторамал жоқ. Баратын үйімде әжептеуір үлкен кісілер болады, стол басында пысынап, беторамалсыз отырғаным ұят болар деп, ұялы телефоныммен келіншегіме звандадым. Ол "Бері көтерілсейші, подьезге шығып бере салайын" деді. Бесінші қабаттағы пәтеріме қайта көтерілуге еріндім. "Сен бері түс..." дедім. Сонымен не керек, екеуіміз үшінші қабатта кездесетін болдық.
Аяғымды санап басып, әдейі ақырын көтеріліп келе жатқанымда келіншегім ылдым-жылдым қимылдап, екінші қабатқа дейін түсті. Беторамалды алдым, қалтама салдым. Сөйтіп, енді подьезден шығайын деп жатқанымда келіншегімнің жан даусы шықты. Апыл-ғұпыл қайтадан жоғары қарай зуладым. Сөйтсем, келіншегім Гүлнар сыртқа шығып кеткенде екі жасар балам Ғалымжан есікті ішінен іліп қойыпты. Ілгенде кілттің астындағы кішкене темірді бұрай салған ғой.
Ал, содан есікті ұрамыз, ашпайды. Бірдеңе деп мыңғырлайды. Бірақ әлгі темірді бұрап ашпайды. Шешесі жалынды, айналды-толғанды. Алдады. Жоқ, ашпайды. Болмаған соң ұрысты. Айқайлады. Ол байғұс та ашқысы келіп тұр, бірақ, кері бұрауға қолыныңы шамасы келмейді-ау деймін. Сонымен подьезд у-шу болды. Көршілер шықты. "Ойбай, бірінші қабаттағы Серіктің үйіне жүгіріңдер, ол үйде дрель бар" деп бір көршім ақыл берген соң екі өкпемді қолыма алып, төмен қарай жүгірдім. Құдай сыйлағанда, Серік үйінде екен. Ол келіп, дрелімен есікті дыр еткізіп еді, ар жақтағы бала шар ете қалды. Тосын дауыс әрі үйде бір-ақ өзі болғаннан кейін қорқып кетті ғой деймін. Оны шешесі жұбатып, бүкіл подьезді басына көтерді.
"Төтенше жағдайға телефон шалыңдар" деді бір көршіміз. Қапелімде оның телефонының нөмірі қанша екенін есімізге түсіре алмай, әбден әурелендік. Жаңа ғана келіншегімнің қолынан беторамал алуға жоғарыға шығуға ерініп тұрған мен бейбақ енді бесінші қабат пен бірінші қабаттың арасында он мәрте жүгіріп шығып, түстім-ау, шамасы. Әрқайсысы әр түрлі ақыл айтып тұрғанда жаны шырылдаған келіншегім балконы жапсарлас көрші подьездегі орыстың пәтеріне барып, үлкен балам балконнан асып түсіпті. Тағы балалардың бөлмесінің кішкентай терезесі құлыптанбаған екен. Соны итеріп ашып, балам тесіктен түсті. Сөйтіп, жарты сағаттан астам уақытта ит болып жүріп есікті зорға аштық қой. Кішкентай Ғалымжан мына дүниеде бір өзі қалып кеткендей үйдің ортасында көзі бақырайып, боз-боран боп жылап отыр.
... Сонымен құдайыға кешігіңкіреп бардым. Кіріп отырғаным сол еді: "Мынау "жыртысымыз" еді, -- деп, үй егесі қолыма беторамал ұстатты. Беторамалды қолыма ұстап тұрып, еріксіз күліп жібергенімді өзім де білмей қалдым. Сөйтіп кеше дүниеге "Беторамал" деген әңгіме келді. Мынау соның ауызша айтқандағысы ғой.