Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫСЫ


Алаштың астанасы болған Қызылорда есімі өшпес тұлғалар мен айтулы оқиғалар мекені. Шаһардың ел ордасы болған жылдарында мұнда әйгілі Алаш көсемдерінің бірі де бірегейі, өмір бойы «Оян, қазақ» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен, ұлттың ұлы перзенті Міржақып Дулатов тұрған.
Бұл кеңес үкіметі кешірім беріп, Алаш қайраткерлерін босата бастаған уақыт еді. Түрмеден шыққаннан кейін әртүрлі орындарда істеген Міржақып 1925 жылы Қызылорда қаласына орын тепті. Онда Ахмет Байтұрсынұлымен бір үйде көрші тұрды.
Бұл туралы ақынның қолында тұрған ағасы Асқардың қызы Бота мынандай естелік айтады: «Тәтемнің (Міржақып) ең ардақты, ең сүйікті көретін, пікірлес әрі қаламдас ағаларының бірі – белгілі ғалым-тілші, журналист, ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов. Ағай демалғанда, Ғайнижамал жеңешем балаларына тыйым салып, шулатпайтын. Бұл кісінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жора-жолдастары орынсыз үйіне бара бермейтін. Ахаң мен Бадрисафа жеңгеміз қонаққа жұрттың арнаулы шақыруымен ғана баратын. Ораза, құрбан айттарында алдымен үлкен ағалары Ахмет Бірімжановтарды құттықтап, содан кейін ғана біздің үйдің дәміне келетін. Ахаңның, Міржақып тәтемнің мерекелерде арақ-шарап ішкенін көрген емеспін, Ахаң шылым да шекпейтін. Айттарда Бадрисафа жеңгей аспай-саспай, көбіне үндемей жүріп, неше түрлі тағамдарды барынша дәмді пісіріп, қонақтарын қабылдайтын. Басынан ақ орамалы түспейтін».
Осы бір қазақтың аяулы екі азаматы бір үйде (ол кездегі атауы Селеверстов 17) көрші тұрып, бір-біріне ерекше құрмет көрсетіпті. Осы жерде өзінің көптеген әдеби туындыларын өмірге әкелген. Сондай-ақ, «Есеп құралы» оқулығының жаңа басылымы да осы қалада жарық көрген.
М.Дулатұлының отбасында қазақтың сол заманының белгілі зиялылар тобы, небір майталман ақын-жазушылары мен жезтаңдай әншілері қонақта болып, осы үйден дәм татып, мәжіліс құрған. Атап айтсақ, Нәзипа Құлжанова, Ілияс Байменов, Әліби Жангелдин, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Садуақасов, Қошке Кемеңгеров, Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар және т.б.
Ақынның қызы Гүлнар өзінің естелік кітабында: «Біздің үйде болған кісілерді сағынышпен есіме түсіріп, көз алдымнан өткізіп, тізімін жазып шыққанымда, есімде қалғандары ұзын саны – 114-тен астам екен», -деп сағынышпен сол жаймашуақ кезеңдерді еске алады. М.Дулатұлы осылардың әрқайсысына көмек қолын ұсынып, қазақ ұлтының дамуына, әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне мол үлес қосқан.
Сонымен қатар, Міржақып достарының арасында беделді, ақылшы әрі сыншы бола біліпті. Ағаларын үлкен ілтипатпен сыйлап, іні-қарындастарын барынша еркелетіп, құрдастарымен ойнап-күліп, жеңгелерімен әзілдесіп, өзінің шешендігімен жұртты лезде ұйытып, аузына қаратып алады екен. Үйіне іздеп келген жанның бәрін құшақ жая қарсы алатын көрінеді. Тіпті Сәбит Мұқановтың өзі ол туралы: «Коммунизмды көргілерің келсе, Дулатовтың үйіне барыңдар», – дейді екен.
Ал сол кездегі жас жазушылар «Жазғанымызды көрсетіп алсақ» деп Міржақыптың табалдырығын тоздырады екен. Солардың арасында Мұхтар Әуезовке деген ықылас-пейілі ерекше болған Міржақып оны «Қара Мұхтарым» деп еркелететін көрінеді. Кезінде Міржақыптың талай шарапатын көрген Қаныш Сәтпаев болса, кейін ол ұсталып кеткенде, өзіне зияны тиерін білсе де, барып амандасып тұрады екен. Белгілі Халық әртісі Қапан Бадыров болса: «Жақаң бәріміздің көңіл-күйімізді тауып, жігіттер қандай болуларың керек дегендей, әзіл-қалжыңы аралас ақыл-кеңес беретін. Иса Байзақовқа көмек көрсетіп, нашар тұрмысын көре жүріп, қарасатын. Туыстарының жағдайы жоқтығынан өзі үйіне тұрғызып, тәрбиесіне алған болатын», – дейді.
Сол кездері Қызылордаға әр жерден келіп оқып жатқан қазақ студенттері де бірінші кезекте Міржақыпты іздеп келетін көрінеді. Жол қаражаты болмай тұрған студенттер өтініш жасаса, қалтасынан ақшасын суырып беретін ол: «Жалақы – өзімнің үй ішіме, ал қаламақым – мүсәпірлерге» дейді екен.
Ал ақынның қызы Гүлнәр әкесін: «Әкем сегіз қырлы, бір сырлыларға жататын. Мінезінде ақкөңілдігі де бар, сонымен қатар өз айтқанынан қайтпайтын қайсарлық, қатаңдығы да болатын, жағымпаздығы жоқ, өтірік айтпайтын, тәкаппарлығы да жоқ, өзін қарапайым ұстайтын. Балажан кісі еді. Мейірімді көздері күлімсірейтін де тұратын, сондықтан балалар жатырқамай, біздің үйге үйірсек келетін», – деп еске алады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: