Биыл қалаға қарасты ауылшаруашылығы құрылымының барлық нысанында 7686 гектар жерге дақылдар орналастырылды. Оның ішінде гектармен есептегенде, 3743-і – күріш, 143-і – жаздық арпа, 221-і – жаздық бидай, 223-і – жаңа жоңышқа, 800-і – картоп, 943-і – көкөніс, 2 гектары сұлы, 790-і – бақша дақылы. Егілген күріш шығымына қарай отырып, мамандар өз жормалын айтып отыр. Айталық, оның 70 пайызы жақсы, 25-не орташа деп бағалауда. Әрине, әрқайсысы күтіміне қарай. Қазіргі күні барлық күріш егісінің 53 пайызы гүлдену фазасында болса, қалған пісіп жетілуде. Сонымен қатар, қала бойынша егілген арпа, сұлы, жаздық бидай толығымен жиналып, арпаның әр гектарынан 7, жаздық бидайдың 10, сұлыдан 1,3 центнерден өнім алынды. Осы күндері қала шаруашылықтары бойынша қолда бар ескі жоңышқа 2 рет орылып, барлығы 2523 тонна жоңышқа шөбі дайындалды.
Егін жинау науқанына барлығы 22 жатка, 24 комбайн, 58 трактор, 19 трактор тіркемесі, 22 астық тазалағыш пен 2 автокөлік ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен. Олар күзгі егін жинау науқанына толығымен сақадай-сай тұр.
– Ал, осы маусымға 795 тонна – жағар май, 159 тонна – қою май, 48 тонна – жанармай қажет. Қажетті жанар-жағармай көлемдерін қалаға бекітілген операторлар «РК Мұнай», «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС арқылы дизель отынының 1 литрін 163 тенгемен ауылшаруашылығы құрылымдарына төмен бағада таратылуда, – дейді бөлім мамандары.
Егін шаруашылығы бойынша жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне мән беріліп отыр. Қарауылтөбе ауылдық округіндегі Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты ЖШС базасында егістік алқаптарын арамшөптерге қарсы өңдеу және үстемелеп қоректендіру жұмысын агродрон автоматтандырылған кешенін қолдану ақылды технологияларды жүзеге асыру қолға алынады.
Сондай-ақ, ғылыми зерттеу институтының тәжірибе алаңында өнімділігі жоғары сапалы сорт дайындау мақсатында Ресей, Өзбекстан, Украина, Иран және жергілікті ғалымдар өздері ашқан күріштің 17 жаңа сортын сынақтан өткізуде.
Сонымен қатар, шет елдік және отандық бақша дақылдарының 60 түрлі сортын тамшылатып суару тәсілі арқылы қауынның бірегей сорттарын өндіріп, жергілікті жерге бейімдеу қолға алынуда.
– Жақын күндері адал кәсіппен нәсіп терген қызылордалық диқандар алты ай жазғы жанқияр еңбектерін баянды етуге біркісідей жұмыла кіріскелі тұр. Диқандардың ең басты ұстанымы – Сыр салысын дер кезінде ысырапсыз жинап алып, биік дәрежеден көрінуге аянбай тер төгу. Осылайша, үлкен еңбектің нәтижелі басталуына да аз ғана уақыт қалды.
Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев атамыз «Егінші – мәрт, жер – жомарт» деп ұлағатты сөзін айтып кетті. Рас, қара жер еселі еңбектің өтеуін қайтарады қашанда. Дала төсі дүбірге бөленіп, қырман іші күн сүйген күміс дәнге толатын берекесі тасыған күз мезгілі есіктен енетін уақытта жақындап келеді. Қазір егіс даласына бара қалсаңыз, желмен жайқалған дән сабағына көзіңіз түсіп, көңіліңіз көтеріледі. Мол өнім – тоқшылық кепілі.