Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

АУЫЛЫМ СҰЛУ СЫРДЫҢ ЖАҒАСЫНДА


Қызылорда 200 жылдық мерейтойы жақында ғана сән-салтанатымен атап өтілді. «Қос тойың қабат болсын» дейді халқымыз. Енді жақында қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі 90 жылдық мерекесін тойламақшы.
Тарихи мәліметке сүйенсек, Ақсуат ауылының негізі 1928 жылы қаланған. Ауыл алғашқы ауылшаруашылық артельдерін ұжымдық шаруашылықтарды ұйымдастыруға қатысқан Ешпан Жанбосыновтың атымен Ешпан ауылдық кеңесі аталған. 1928-1932 жылдар аралығында құрылған майда серіктестіктер 1934 жылы төртінші ауылдық кеңесі бойынша Жасқайрат, Жаңатұрмыс, Киров, Қызылорақ, Қызылқұм, Қара Қожа, Батбаққара ұжымдық шаруашылықтары болып ұйымдасқан. 1938 жылы мамыр айында бұл 7 шаруашылық бірігіп, 3 шаруашылыққа (Жасқайрат, Жаңатұрмыс, Киров) айналды. Одан кейін бұл үшеуі іргелі шаруашылық Киров колхозы болып құрылды. 1972 жылы колхоз көкөніс және сүт өндіретін шаруашылыққа айналды.
1993 жылдың ақпан айында халық депутаттары облыстық кеңесінің қаулысымен Сырдария ауданы Ақсуат ауылдық кеңесі болып аталды. Ал, бір жылдан соң елді мекенге Кеңестер Одағының батыры Жақыпбек Маханбетовтің аты берілді. 1997 жылы маусымында ауыл Сырдария ауданы құрамынан шығарылып, Қызылорда қаласына қарады.

Бірлік түбі - тірлік

Ауылды аралау барысында біз көнекөз қариялардың әңгімесіне құлақ түрдік. Өйткені, олар – тірі тарихтың көзі. Солардың бірі – білім саласының ардагері, «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты кітаптың және «Ауылым» әнінің авторы Қадыр Әмзеев. Ардагер кітапта Ақсуат жайлы кеңінен әрі жан-жақты зерттеп жазған. Ал, «Ауылым» әні 2016 жылы осы мекеннің мерекелік жиынында Әнұран болып қабылданды.
Қадыр Әмзеев ардагердің айтуынша, 1920 жылдар шамасында бір-біріне жақын орналасқан 4-5 үйден бірігіп, егін егіп, еңбек етуі керек екені дәріптеле бастаған.
– Ауылдарды ірілендіруді партия мүшесі Ешпан Жанбосынов және Қошантай Бақтыбаев, Сөкен Төлебаев, Сәрсен Төлебаев секілді кісілер қолға алынған. Көп ұзамай ол іс жүзінде жасалды. 1920 жылдан кейін ең алғаш «Жасқайрат» серіктестігі құрылған. Олар қолда бар көліктерін, қарапайым еңбек құралдарын бір орталыққа топтастырып, ортақ пайдалануға көше бастады, – деп өткенге шолу жасады Қадыр ата.
«Серіктестіктер құрылып, жұмыс жүргізіле бастады. Дегенмен, жабайы құралдар мен қол еңбегіне негізделген шаруа шаруашылықтарында астық өндіру өте мардымсыз жағдайда болды. Бұл – бүкіл қазақ ауылына тән көрініс еді. Ол қоғамдық құрылыстың дамуына, ел тұрмысын нығайтуға да кедергі бола бастады. Жеке тірлік жасап және серіктесіп өнім өндіру де қоғам қажетін өтей алмады. Сондықтан партияның ХV сьезі мұндай бытыраңқылықтан құтылып, ұжымдық шаруашылық түріне көшу мәселесіне назар аударды. Осы шешімге сәйкес енді халық алдында ұжымдық шаруашылық құру міндеті тұрды, – деп атап келтірілген Қадыр ағаның кітабында.

Бүгінгі Ақсуат

Елбасыныңсалиқалы саясатының арқасында бүгінде ауылдағы ағайынның әл-ауқаты артып, шағын елді мекендер жандана түсуде. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың нәтижесінде құтты қоныстың тынысы кеңейіп, жан-жақты жаңарып түрленуге жол ашылды. Ел игілігіне айналған бағдарламалар аясында шағын кәсіпкерлік қолға алынды. Ауызсу мәселесі оң шешімін тапса, көшелерге орнатылған жарықтар ауыл ажарына көркіне көрік қосып тұр.
Айшықты істерге толы Ақсуат ауылында 7000-нан аса халық бар. Округке Жақыпбек Маханбетов ауылы мен «Наурыз» саяжайы кіреді. Мұнда білім көкжиегінен көрініп келе жатқан 2 мектеп бар. Ауылдық округте 140 орындық «Сыр самалы» мен жеке 50 орындық «Нұрлы сәби», «Бодан ата», «Нұр-Салтанат», «Жәния-бағы» және «Наурыз» саяжайы кешеніндегі 75 орындық «Наурыз бөбегі» балабақшалары жұмыс жасайды.
2014 жылы пайдалануға берілген ауылдық дәрігерлік емхана ел игілігі үшін қызмет етуде. Емхана жедел жәрдем автокөлігімен және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аталмыш ауылдағы 150 орындық мәдениет үйі жанында ән, би, көркем сөз оқу, домбыра үйірмелері мен «Ақ бата» әжелер ансамблі бар.
Осы уақытқа дейін ауылды Қадырбек Естаев, Ақарыс Нұрсейітов басқарып келсе, бүгінде ауыл әкімі лауазымын Мәмбетәлі Ақмырзаев атқаруда. Ауыл басшысы М.Ақмырзаевтың айтуынша, мұндағы тұрғындардың мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенділігі жоғары. Ауылдық округтегі 49 шаруашылығы мал, егін, балық шаруашылығымен айналысады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын асылдандыру бағытында жұмыс жасап жүргендер бар. Былтыр құрылған «Нұр-Береке М» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің 14 мүшесі 58 млн. 700 мың теңгеге қол жеткізді. «Ынтымақ» бағдарламасы аясында құны 5 млн. 200 мың теңгені құрайтын «Шағын сүт өңдеу» зауытын ашу бағытында қажетті іс-шаралар атқарылуда. Осы мақсатта биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микро қаржылық ұйымы» арқылы құны 5 млн. теңге болатын сүт зауытына қажетті құрал-жабдықтар сатып алу жобасы қолдау тапты.
Өткен жылы 3 құрылтайшыдан құралған «Самұрық құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 20 мың құс ұстайтын екі ангар құрылысын салды. Қазіргі таңда онда 13 мың құс бар. Олар «Сапсан гарант» ЖШС келісім-шартқа отырып, күніне 7 мың жұмыртқа өткізеді. Өнімдер ауыл, қала тұрғындарына ұсынылуда. Мұнда 7 адам тұрақты еңбекпен қамтылса, алдағы уақытта олардың саны көбейеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «КазАгроМир» ЖШС 2 гектар жерге автоматтандырылған өндірістік жылыжай құрылысын жүргізуде. Бұл кешен іске қосылса, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту күтілуде. Сондай-ақ, көптеген жобалар мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тауып келеді. Ауылдық округте жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлі де атқарылатын ауқымды жоспарлар бар. Айталық, мейрамхана, жылыжай, шағын сүт өңдеу зауыты, нан цехы, пластик терезе, есік жасайтын цех ашылады деген жоспарда бар.

Үлгілі елді мекен

Үнемі жетістікке толы ауыл 2014 жылы тазалығы жағынан осы атаққа ие болды. «Бұл ауыл халқы елеулі де үлкен қуаныш болды. Осындай жақсы жаңалықтың әсерінен «Ауылым» әнін жаздым. Жазу үстелімде жатқан өлең мәтінін көзі шалған Дидар есімді балам: «Көке, мына өлеңіңіз әнге сұранып тұр екен» деген болатын. Содан кейін расымен сол әнге айналып, ауылдың Әнұраны болып қабылданды. Мен үшін зор мәртебе» деді ауыл ақсақалы Қадыр Әмзеев.
Жайқала өскен жасыл бағы,
Бақ-береке басындағы.
Жадырай берші, ауылым,
Ер Жақыпбек атындағы.
Сәулеті өзгелерден басым келіп,
Ауылымның биіктетті даңқын берік.
Айтулы абыройға қол жеткіздік,
«Үлгілі елді мекен» атын жеңіп, – деп жалғаса береді әсем әннің шумақтары.
– Кезінде кішкентай ауыл еді. Бір ғана бастауыш мектеп болды. Қиын кезеңді бастан өткердік. Соғыс, таршылық заманды көз көрді. Кейде киетін киім болмай сабаққа бара алмайтынбыз. Анамның қалай еңбек еткені әлі көз алдымда. Үйге де, жұмысқа да үлгеріп жүретін. Соның өзі – тарих. Қазір уақыт өте ауыл кеңейіп, халқы көбейіп, бетке ұстар мекенге айналды. Әр адамға алтын ұясы қандай ыстық болса, бізге де Ақсуат солай ыстық болып қалатыны сөзсіз, – деді атамыз.
Бүгінгі Ақсуат бейнесі өзгеше. Себебі, қазір бұл елді мекен жаңарған. Ауылдағы инфрақұрылым жағдайы жақсарды. Ақсуаттықтар енді көгілдір отынға қол жеткізуді армандайды. Бұл мәселе де оң шешімін табар. Олар мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламаларға ауылдық округ тұрғындарын кеңінен тарту арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты ықпал жасауды басты мақсат етеді. Алдағы уақытта шамы жарқыраған, жолдары жөнделген, кәсіптері өркендеген, жан-жақты даму жолындағы ауыл қатарынан көрінбек.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: