Қызылорда қаласында тегін нан алатын бұрыш ашылды.
Жуырда қызылордалық белсенді жас Динара Эшатова өзінің Фейсбук парақшасында тегін нан тарататын сөре ашқан Дәурен және Алмат есімді екі достың ізгі ісін көпшілікке таныстырып, сүйіншілеген болатын. Сондай-ақ, қаладағы тұрмысы төмен жандарға арналған игілікті шараның өзге де жомарт жандардың атсалысуына болатынын жазған еді.
Дәлірек айтсақ, «ВТБ» банк» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының бөлшектік бизнес жөніндегі орынбасары Дәурен Сейтжанов және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Алмат Абдуллаев Қызылорда қаласындағы «Универсам» мөлтек ауданында орналасқан «Қызылорда» дүкенінен тегін азық-түлік тарататын сөре ашты. Қайырымды жандар дүкеннен нан немесе басқа да азық-түлік өнімдерін сатып алып, сөреге қойып кетеді. Ал мұқтаж адамдар сол жерден өзіне керегін тегін алуына болады.
Дәурен Сейтжанов бұл қайырымдылық шараны көптен бері ойға алғанын айтады. Осы арқылы мұқтаж жандарға аз да болса көмегін тигізуді мақсат тұтқан.
«Бұл ойымды досым Алматқа айттым. «Игі істің басына – жақсы келер қасына» демекші, бұл ойды досым қолдап, іске кірісіп кеттік. Біз аз уақыттың ішінде сөре жасатып, оны дүкен ішіне қойдық», – дейді Дәурен.
Қайырымдылық сөресі орналасқан дүкенге күн сайын бір баратын Дәурен Сейтжанов кейбіреулер түсінбей, тегін затты молынан алып қалуға тырысып жататынын да жасырмады.
«Мұндай жағдайда істің мән-жайын түсіндіріп, сөре тек мұқтаж жандарға ғана арналғанын айтудан жалыққан емеспіз. Енді еріктілер де атсалысса дейміз, олар бір мезгіл халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізсе жақсы бола еді», – дей келе ол мөлтек ауданмен шектеліп ғана қоймай, қалталы азаматтар өз тұрғылықты жерлерінде мұндай сөрені ашса деген ұсынысын да жеткізді.