Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Бекмырза Еламанов және Дана Нұржігітова жұмыс бабындағы сапар аясында Қызылорда облысындағы Арал ауданында, Қаратерең, Қосшар, Қаратерек және Бөген ауылдарында болды.
Депутаттар ауыл тұрғындарымен, шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұжымдарымен, мұғалімдермен, медицина қызметкерлерімен, аудандық мәслихат депутаттарымен және ауыл белсенділерімен кездесу өткізді. Сонымен қатар «Көкарал» су бөгетін аралап, жұмыстарымен танысты.
Сенаторлар тұрғындарға «Көкарал» су бөгетін жөндеу-қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары бойынша ағымдағы жылы жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге қосымша қаржы қаралып жатқанын жеткізді.
Кездесу барысында сондай-ақ таяуда Сенатта қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңының еліміздегі педагогтардың құқықтарын кеңейтуді, ауыртпалықты азайтуды, мұғалім мамандығына қойылатын талаптарды күшейтуді, мұғалімдерді материалдық тұрғыда ынталандыруды, жастарды педагог мамандығына тартуды көздейтін ережелер жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек және көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, шағын және орта бизнеске жасалып жатқан жеңілдік туралы пікір алмасты. Сенаторлар жұртшылық өкілдерімен ашық әңгімелесіп, елімізде атқарылып жатқан ауқымды істердің барысын талқылады.
Болған кездесулерде тұрғындар өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын айтып, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды.