Facebook VK WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ауылдағы мектеп құлағалы тұрған жағдайда істеп келеді

Ауылдағы мектеп құлағалы тұрған жағдайда  істеп келедіҚызылордалық шенеуніктердің уәдесіне сеніп, 400-ден астам оқушысы бар Тасбөгет ауылындағы мектеп құлағалы тұрған жағдайда істеп келеді. Оқу орнының шатыры балалардың үстіне опырылып кетпесін деп мұғалімдер кезекшілік ұйымдастырады екен. Ұстаздардың одан өзге еш амалы қалмаған.
Бүтіндей бір  ауылдың баласы баратын білім ошағы Хрущевтің заманында бой көтерген. Бүгінде оның қабырғалары сөгілген. Бұдан өзге төбе жабындары майысып, еден ағаштары шіріген. Тозығы жеткен шатыр да жауынды күндерден құтқарып қала алмайды.  Ал білім мен тәрбие берудің  орнына мұғалімдер шатыр маңында кезекшілік ұйымдастырады. 
МӘРЗИЯ АЯПОВА,  №172 орта мектеп директорының орынбасары: 
Жоғарғы шатырдың дұрыс болмауы балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Оны біз арнайы қоршау арқылы балалардан бөлектеп отырмыз. Бірақ мезгіл-мезгіл мектептегі ер мұғалімдер кезекшілік атқарып, сол жерді балалардан қорғап отыр.
Мектептің спорт залы пайдалануға мүлдем жарамайды. Құлау алдында тұрған соң есік-терезелерін шегелеп, жауып тастаған. Балалар сондықтан тоғызқұмалақ пен шахмат ойнап, денешынықтыру сабағын өткізеді.
ДӘУЛЕТ САБЫР, оқушы:
Дене шынықтыру пәнімен шұғылдана алмаймыз. Өйткені спортзал жоқ. Бұл мектепке келген кезде өз өмірімізге қорқамыз.
Ең сорақысы сыныптар ылғал болғандықтан оқушылар жиі тері ауруларына шалдығады екен. Мұны білген СЭС мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жүргізумен ғана шектеліп жүр. Төтенше жағдай мамандары да шарасыз. Олар ғимаратты апатты деп танығаннан әрі аса алмай отыр. Шенеуніктер болса, арнайы жер телімі бөлінді, келер жылы жаңа оқу орны салынады дейді.
МАРАТ АРАЛБАЕВ, Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы:
Бұған байланысты құжаттардың барлығы құрылыс басқармасына, білім министрлігіне өткізілген. Келесі 2015 жылға 300 орынға мектеп салу жоспарланып отыр.
Ал шенеуніктердің уәдесіне тойған кейбір оқушылардың ата-аналары балаларын үйлерінен қашық болса да басқа мектепке ауыстырып жатыр. Ал ауысуға мүмкіндігі жоқтары бастарын қауіп-қатерге тігіп, осында білім  ала бермек.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: