Шымкенттегі әскери бөлімнен қару-жарақ алып кетіп қалған Абылай Балғынбаевтың ағасы оның өмірі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Нұрдәулет Балғынбайдың сөзінше, ағасы Бадам ауылындағы әскери бөлімде қызмет еткеніне біраз уақыт болған. Әскеридің туысы оның мінезін сипаттап берді.
"Ол өте ашық, жақсы адам. Ешкіммен аса сөзге келіспеген. Соңғы рет шамамен бір апта бұрын сөйлестім. Ол өзін ренжіткен не басқа да жайт туралы тіс жармады. Жалпы өз мәселелері туралы менімен бөліспейтін. Абылаймен көп араласпағанмын. Қазір желіде менің ағам туралы хабар тарап жатыр. Соңғы тәулікте онымен байланысқан жоқпын", - дейді Нұрдәулет.
Нұрдәулеттің айтуынша, Абылай 2015 жылы Шымкенттегі Автотехникалық колледжді бітірген. Үйінің тұңғышы: қарындасы мен үш інісі бар. Отбасы Шымкент маңындағы Қайнар ауылында тұрады.
"Бүгін оның ата-анасын құқық қорғау өкілдері Бадам ауылына алып кетті. Бәлкім, әскери бөлімге тергеуге шақырған болар. Ата-анасы жұмыссыз, үйде. Абылайдан кейін інісі бар, ол құрылыста жұмыс істейді", - дейді Нұрдәулет Балғынбай.
Абылай Балғынбай туралы сыныптасы Еркебұлан Бауыржанұлы да пікір білдірді.
"Иә, біз бірге оқыдық. Менің сыныптасым. Сабырлы болатын, ешкіммен сөзге келісіпеген, "4" пен "5-ке" оқитын. Бірақ мектептен кейін араласпадық. Мен Атырауда жұмыс істеймін. Әскери бөлімде қызмет етеді деп естігенмін. Айтпақшы, ол діни адам емес, намаз оқымайды", - дейді сыныптасы.
Әлеуметтік желідегі ақпараттар бойынша, Абылай Балғынбаев 1995 жылы 11 тамызда туған. 2016 жылдың шілдесінен келісімшарт бойынша 10216 әскери бөлімінде қызмет етеді. Былтыр желтоқсанда "кіші сержант" атанған.
Еске салайық, Түркістан облысында сарбаз қару-жарақ алып, әскерден қашып кеткен. 20 ақпанға қараған түні кіші сержант қызметтік орнынан өз еркімен кетіп қалған.
"Сол уақытта атыс қаруының саны азайғаны белгілі болды. Құқық қорғау органдары мен әскери полиция күшімен әскери қызметкер мен жоғалған қаруларды іздеу және ұстау бойынша шұғыл шаралары жүріп жатыр", - деді ведомстводағылар.
Tengrinews.kz оқырмандары редакцияның WhatsApp-нөміріне жіберген мәлімет бойынша, оқиға №10216 әскери бөлімінде болған. Бұл Шымкенттен 30 шақырым жердегі Бадам ауылы.
Сол хабарламада 20 ақпанға қараған түні кіші сержанттың қызмет орнын өз еркімен тастап кеткені айтылады. Ол өзімен бірге 30 Калашников автоматы мен 27 Макаров тапаншасын және 429 оқ-дәрі алып кеткен делінеді.