Мен, Гадирова Альбина, ұлтым – лезгин, бірақ жүрегім қазақ деп соғады. Әкем мен анам Латвияда табысқан, Юрмала қаласында дүниеге келдім. Бізге қазақ жерінің топырағында өмір сүру бұйырып тұрған болар. Қазақстанға көшіп келуге 1994 жылы шешім қабылдадық, алайда, азаматтықты алу жолында қиындықтарға кездестік.
Анам сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдау арқылы азаматтыққа қол жеткіздік. Сондықтан Елбасына ризашылығымыз шексіз! Мен үшін қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр елінің әрдайым орны бөлек. Дәл осы жерде мен мемлекеттік тілді - қазақ тілін жетік меңгеріп, армандарыма жақындай түстім. Әкем лезгин болса да, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып өтті. Мен де сол бағыт-бағдармен, қазақ еліне, тіліне деген сүйіспеншілікпен өз жолымды салып келемін.
Бүгінгі күні орыс тілді сыныптарына қазақ тілінен сабақ беріп, Ұлы Абайдың даналығын тануға барымды салудамын. Ұстаздың беделін шәкірті көтереді. Мен әрбір оқушымды мақтан тұтамын. Білім сапасы – мұғалімдер жұмысының көрсеткіші және мұның бәрі пәндік олимпиададан, ғылыми жоба жарыстарынан көрініс табады.
Менің шәкірттерім әрдайым оқ бойы озық шығып, республикалық, облыстық деңгейдегі ғылыми жобалар сайысынан алдыңғы орындарға ие болып келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 25 балдан алып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр.
Тұңғыш Президент - Елбасы бастау берген «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұстаз ретінде жастарды өлке тарихымен сусындатып, киелі жерлермен таныстырып, туған жерді қастерлеуді үйретудеміз.
Сыр өңірі ұлттық және әлемдік тарих беттеріне аттарын алтын әріптермен жазып қалдырған тұлғаларға кенде емес. Ендігі кезекте жас буынға аға буын ұрпақтары қалдырған мол мұраны, өмірлік аманатты жадында сақтап, абыроймен көтеріп жүруіне жәрдемдесуіміз керек. Облыс көлемінде бұл бағытта соңғы жылдары жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның айғағы - тұлғатану бағытындағы ғылыми-тәжірибелік пен танымдық конференциялар, еске алу кештері.
Алайда, ұстаз және екі баланың анасы ретінде осы тәрбие жұмыстарын әрбір ата-ана отбасында да жүргізгенін қалаймын.
Альбина Гадирова, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі