Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Төрт түлікті түлеткен

Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылының жас тұрғыны Рүстем Әбдірауықов өткен жылы «мүйізді ірі қара басын көбейту және бордақылау» жобасы бойынша «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы алған несиесіне 8 бас мүйізді ірі қара аналығын сатып алып, бүгінде оны көбейтуге жұмыс істеуде.
«Өткен жылы отбасыммен ақылдаса отырып, мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы мүйізді ірі қараның 8 бас аналығын сатып алдық. Бүгінде сол аналықтардың алтауы төлдеді. Қалғаны алдағы уақытта төл береді деп күтудеміз. Әзірге нәтиже жаман емес. Алла қаласа, бірер жылда мал басын көбейтіп, бордақылауды да бастамақшымын. Қорамда ірі қарадан басқа жылқы да, қой да бар. Ата-бабалар кәсібін қолдан келгенше өркендетуді өзімнің перзенттік парызым деп білемін. Тіпті Үкімет тарапынан қолдау болып жатса, бастаған ісімді одан әрі өркендетуге жұмыс істеймін» дейді жас кәсіпкер Рүстем Нөсербекұлы.
Тұрмағамбет ауылдық округі әкімдігінің маманы Айдос Мұхамбетқалиевтың айтуынша, ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға белсенділік танытып жүрген жастар көп. Оның ішінде мал шаруашылығы мен тұрмыстық-қызметтік кәсіптерді дамытуға құлшыныс танытушылар саны күннен-күнге артуда. Алайда кәсіп бастау үшін әркімнің алдында тұратын ең бірінші кедергі, яғни тұрмыстық жағдай жағдай екенін біз жақсы білеміз. Десе де, ауылдың дарынды жастары бұл қиыншылықтың да жеңіп, әлемнің әміршісі атанған еңбектің арқасында өздері бастаған кәсіптері арқылы нәсібін табуда. Әрине оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: