Қазалыда туристік кластерді дамытуға басымдық берілмек
Қазалы ауданының географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы аудан көлемінде туризм саласының дамуына зор мүмкіндік береді. Жалпы, қасиетті Қазалы өңірінде 5 республикалық дәрежедегі, 60 жергілікті санат берілген және 22 алдын-ала есепке алынған ескерткіштер бар.
Осыған сәйкес, ауданда туристік кластерді дамыту қолға алынбақ.Қазіргі уақытта Қазалы ауданында орналасқан Жанкент қалашығы, Жанқожа батыр кесенесі, Ғанибай мешіті, Ғанибай Үйі, Ғ.Мұратбаевтың мұражайы, Сараман Қоса мұнарасы, Ақтан батыр кесенесі, Мірәлім (Нұралы) мешіті, Әйтеке би ескерткіші, Мүсірәлі кесенесінің объектілерін туристік маршрутқа енгізуге жұмыстары жасалуда.
Ауданда Ақсай-Қуаңдария көлдер жүйесінде 9007 га жерде 16 су айдыны орналасқан. Бұл өз кезегінде аудан көлеміндегі экологиялық туризмді дамытуға зор мүмкіндік тудырады. Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан «Өркендеу» ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе секілді топырақ басқан қорғанның орнында VІІ - ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент қаласы өмір сүрген. Оның тарихи маңыздылығы қала орнының сақталғандығы және Жанкент қаласы Мауереннаһр жерін Еуропамен, Индиямен, Иранмен байланыстыратын ұлы керуен жолында жатқандығы.
Сондай-ақ, аудан аумағынан өтетін «Ұлы жібек жолы» бойында орналасқан тарихи Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығы шетелдік қонақтардың да қызығушылығын туғызатыны сөзсіз. Осылайша Жанкент қалашығына инфрақұрылым жүргізу арқылы аспан асты мұражайын дамытуға басымдық беруге мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар, туризм индустриясының жүзеге асырылуына және туристік базалар мен демалыс үйлер, пансионаттарды орналастырып шетелдіктердің қызығушылығын арттырып, туристік бизнес өкілдерінің қатысуымен көрме, туризм дағдыларын үйрету мақсатында түрлі іс шараларды ұйымдастыруға мүмкіндіктер қарастырылмақ. Сонымен қатар, облыста аймақтың туристік кластерін дамытудағы басымдық беріліп отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту жобасының ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келетін шетелдік қонақтарды қабылдауы біздің аудан үшін де тиімді болмақ.