Суға түсу маусымы басталуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте айтылды.
Өкінішке орай, жыл сайын қауіпсіздік ережелерін сақтамау, белгіленбеген аймақта шомылу сияқты жағдайлардың соңғы қайғылы оқиғаға әкеліп соғады. Биылғы жылдың өзінде 8 адам суға кетіп, қайтыс болған, оның біреуі жасөспірім. Ал 6 адам құтқарушылардың көмегімен аман қалды. Мұндай жағдайлар әсіресе, спирттік ішімдіктің кесірінен және балалардың қарауынсыз суға түсуі салдарынан орын алады. Бүгінде профилактикалық шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қауіпті аймақтарда арнайы кезекшілер де жұмыс істеуде.
Негізгі мәселе суға шомылу маусымында төтенше жағдайлардың алдын-алу. Осыған байланысты, мәжілісте жазғы тынығу лагерлерінде міндетті түрде суға түсу орындарының болуы, суда жүзуді үйрету сағаттарын өткізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, барлық аудандарда суда құтқару қызметінің бөлімшелері үздіксіз жұмыс істеп тұруы тиіс.
Төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында судағы қауіпсіздікті насихаттау, билбордтарды және ескерту тақтайшаларын орнату, үгіт парақшаларын тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы арнайы хабарлар мен бейнероликтер көрсету сияқты тағы басқа профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.