Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада «Паркур пати» өтеді

Қызылордада «Паркур пати» өтедіӘлемге кең тараған субмәдениеттердің бірі паркур біздің елімізде де, оның ішінде Сыр өңірінде де пайда болды. Оған қатты ықпал еткен 2001 жылы жарыққа шыққан "Ямакаси" фильмі болса керек. Фильмде паркур өнерінің шеберліктері паш етіледі.
Қызылордада да жеткіншектер бұл өнерге қызығып, әркім өз бетінше жаттықты. Бертін келе жас өрендердің хоббиі үлкен қозғалысқа ұласты, тіпті онысы ел азаматтарының қолдауына ие болды. Мәселен, аймағымызда алғаш паркур қозғалысын ұйымдастырғаны үшін Виктор Огай өткен жылы «Сыр үміті» сыйлығын иеленді. Өзі банк қызметкері, бос уақытында паркурмен, каратэмен шұғылданады. Ол трейсерлерге (паркурмен айналысатындарды осылай атайды) үш нәрсе керек дейді. Бірінші, жақсы тамақтануы қажет, екіншіден, өзінің қорқынышын жеңе білуі керек, үшіншіден, өз қарым қабілетін жақсы тануы тиіс.
Трейсерлердің жаттығатын, шынығатын жерлері – қалалық жердегі кедергілер – ғимараттар, абаттандырылған орындар екені белгілі. Оларға зақым келсе, жастардың хоббиі – заң бойынша бұзақылық болып есептеледі. Сондықтан өткен жылдың басында Сыр жастары облыс әкіміне көше спортына арналған алаңқай салу туралы ұсыныс айтқан болатын. Қырымбек Көшербаев жастар сөзін ескерусіз қалдырған жоқ. Көп кешікпей, 2014 жылы қазан айында қаладағы Ғани Мұратбаев орталық стадионының алдынан әлеуметтік спорт алаңқайы ашылды.
Жастар қызығатын субмәдениеттерге, оның ішінде паркурдің өркен жаюына қолдау көрсетіп жүрген «Социум» қоғамдық қорының төрағасы Ерлан Мұсаев:
– Әлеуметтік алаңқайдың құрылысына 30 млн теңге қаржы жұмсалды. Құрал-жабдықтарды мәскеулік «Skpark» компаниясынан алдырдық. Алаңқай паркурға, бұдан басқа стрит-варкаут, скейтбординг, BMX, MTB-ға арналған. Бізге келетін жасөспірімдер – ермекті спорттан іздегендер. Сол себепті, олар темекі, ішімдік сияқты зиянды заттарға құмартпайды, – дейді.
Әлеуметтік алаңқай ашылғалы бері жастардың тынысы да ашылды. Көптеген бастама көтеріп, іске асыруда. Ерлан Мұсаевтың айтуынша, 27 маусым күні «Паркур пати» шарасы ұйымдастырылмақ.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: