Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сырдарияда ардагерлерге қамқорлық көрсетілді

Сырдарияда ардагерлерге қамқорлық көрсетілдіЖеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардақты ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың Отан үшін жасаған ерліктерін насихаттау мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Сол жобалардың негізінде Сырдария ауданындағы жігерлі де жалынды жастар Ұлы Отан соғысының ардагерлері Я.Тасыров, М.Бержанов және Д.Сақтағановтың үйіне барып, қарт майдангерлердің қора-қопсысын тазалап, қолғабыс көрсетті. Жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, туған жері мен өскен ортасын құрметтеуге тәрбиелеуге баулу арқылы кескілескен шайқаста қазақ баласының батырлығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған тағылымды шараға аудандағы жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жастар ардагердің ауласын сыпырып, күл-қоқыстан тазалады. Есік алдындағы бақшалық жерлерді аударып, көкөніс егуге дайындап берді. Ер жігіттер отын жарып, жастық шақтағы сарқылмас күштерін сауапты іске бағыттаса, қыздар үйдегі жиһаздарды ретке келтіріп, ардагерге ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ, шара барасында қатысушылар ардагерлердің соғыс жылдардағы естеліктерін тыңдап, қарт майдангерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын жолдады.
Аудандық «Жастарды қолдау орталығының» аға кеңесшісі Сырдарияда ардагерлерге қамқорлық көрсетілді
Ж.Маханбетов аталмыш шараның маңыздылығына тоқтала келе, өскелең ұрпақты Отансүйгіштік пен еңбекке бағыттау арқылы ұлт болашағының кемелдене түсетінін атап өтті. - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін лайықты атап өту туралы Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да кеңінен қамтылды. Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан майдангерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Біз, еріктілерден құралған бір топ жастар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында игі бастаманы қолға алдық. Бүгін мүмкіндігінше аудан орталығында тұратын 3 Ұлы Отан соғысының ардагеріне көмек қолымызды созып, құрмет көрсеттік. 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне дейін ауданымыздағы көзі тірі 4 ардагерді толықтай осы тектес қол көмекпен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Бұл бір жағынан қарт майдангерлерге жаңа серпін сыйласа, жастар үшін де бұл істің берекеті көп. Осындай шараларды ұйымдастыру арқылы біз майдангерлердің ерлік өнегесін насихаттай бермекпіз,-дейді.
Жалынды жастардың бұл бастамасына алғысын жеткізген Ұлы Отан соғысының ардагерлері жастардың үлкендерге жасап отырған қамқорлықтары көңіл қуантатынын жеткізді. Текті елдің рухы биік ұрпақтарына ақ батасын берген Ұлы Отан соғысының ардагерлері Я.Тасыров, М.Бержанов және Д.Сақтағановтар: «Енді соғыс болмасын. Біздің көрген қиындықтарымызды көрмеңіздер», - деп, ақ тілектерін жеткізді.
Кемел келешекке бағыт алған білімге құштар жастардың бұл әрекеті құптарлық іс. Жауынгерлердің ерлігі мен қайыспас қайсарлықтарын дәріптеп, оны өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған мазмұнды шарадан жастар алғысқа бөленіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: