Шиелі ауданы Майлытоғай ауылында 150 орындық жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі және алдағы келе жатқан жаңа жылмен тұспа-тұс келген Майлытоғай ауылдық округіндегі жаңа білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сай, елімізде білім беру саласын дамытып-өркендетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Үш ауысымда білім беретін мектептер жойылды. Қазір 30 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Апаттық деп танылған 25 мектептің 14-нің құрылысы жыл соңына аяқталып, қалған 11 мектепті 2015 жылы іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз,- деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
Майлытоғайдағы бұрынғы мектептің ғимараты ескі, жағдайы нашар болатын. Бүгінгі пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимараты мұғалімдер қауымы үшін, оқушылар мен ата-аналар үшін үлкен қуаныш болды.
Айта кетейік, өткен жылы Шиелі ауданының өзінде 4 жаңа білім ордасы, 25 жеке балабақша пайдалануға берілді. Ал биыл Шиелі ауданында 3 жаңа білім ордасы пайдалануға берілсе, Талаптан ауылдық округінде 900 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, келер жылы тағы 2 мектептің құрылысы басталмақ.