Арық ишан мешіті Жалағаш ауданындағы Есет батыр ауылының оңтүстік-шығыс бетінде 4 шақырым жердегі ескі қорымның ішіне орналасқан архитектуралық ескерткіш. Күйдірілген қызыл қыштардан қаланып, әсем етіп қаланған зәулім күмбезді мешіт ою-өрнегімен, сырт көрінісімен еріксіз көз тартады. Шежіреші, марқұм Оразбек Қожамұратовтың айтуы бойынша, Арық ишанның азан шақырып қойған аты–Ізбасар Әзизрахымұлы. Шыққан тегі Кіші жүздің Тама тайпасының Қызылқұрт аталығы. Бұл кісінің дене бітімі арық, талдырмаш болғандықтан оны жергілікті халық өз атымен атамай, Арық ишан деп атап кеткен екен. Оның қай жылы туып, қайтыс болғаны белгісіз.
Шамамен, ХІХ ғасырдың 70-ші жылдары Бұқарадағы «Көкілташ» медресесін бітіріп, Ұлытау жақта қоныстанып отырған өз ағайын-тумаларына қайтып бара жатқан оған ел ақсақалдары «Ауыл- аймағымызға діни сауат беретін бір мешіт салдырып, балаларымыздың мұсылманша сауатын ашып, оқыт» деп жабыла өтініш айтып, бала-шағасымен бірге өз ауылдарына алып қалады.
Сөйтіп, ол кісіні ел ішіндегі ауқатты адамдар өз қамқорлығына алып, бүкіл ел-жұрт болып ұйымдасып, алдына мал салып беріп, жағдайын жақсартады.
Кейіннен, тұрмысы түзелгеннен соң ол кісі жергілікті халықты ұйымдастырып, Жаңадариядан су келтіріп, қарулы жігіттердің басын біріктіріп мешіт құрылысын бастайды. Ақмешіт қаласынан Асхабулла сарт пен Самұрат деген ұста кісілерді алдыртып, алдымен мешіт маңына қыш зауытын салдырады. Аталған қыш зауыты мешіт құрылысы аяқталғанша жұмыс істеген. Құрылысшылар қам кесекті топырақтың иінің қандырып, биенің сүтін қосып илеп, жылқының қылын араластырып құйып, шеңгелдің қызыл шоғына күйдірген.
Арық ишан өзінің үлкен баласы Оспанды Хиуаға жұмсап, мешіттің жобасын, керекті түрлі-түсті бояулар мен құрал-саймандарды, елдің ауқатты адамдарының көмегімен Арқа жақтан түйелерге артып, қажетті құрылыс материалдарын алдыртады.
Сонымен, аталған мешіт халықтық әдіс-асар арқылы шамамен 1883 жылы салынып бітеді. Мешітте үнемі діни-жоралғылар мен діни- мерекелер, жұма намаздар өткізіліп, ел ішіндегі көптеген кісілер ислам дініне бет бұрып, намазға жығылады. Күнделікті қайыр-садағадан түскен мал сол жерде сойылып, еті жетім-жесірлер мен жоқ-жұқаларға үлестіріліп беріледі. Мешіт жанындағы Хорезмнен келген өзбек ұстасы қоладан құйған тайқазан күні кешегіге дейін (ХХ ғасырдың 50- шы ж.ж. ) сақталып келген екен.
Арық ишан өмірінің ақырына дейін осы мешітте дәріс беріп, халықты діни сауаттандырады. Кейіннен, Арық ишанның үлкен баласы Оспан мешіттің жанына қосымша медресе салдыртып, әкесінің ісін жалғастырып, ауыл балаларын адалдық пен имандылыққа тәрбиелеген екен. Арық ишанның немере інісі Бәйтен мешітте азаншы болған көрінеді. Бәйтеннен ұрпақ қалмаған. Ал Арық ишанның Оспан, Мәмбет, Мағзұм есімді ұлдары мен бірнеше қыздары болған. Бұл күндері олардың сүйектері мешіт жанындағы қорымда жатыр.
Арық ишанның бел балалары мен қыздарынан тараған немере, шөбере, жиендері тағдырдың тәлкегімен Тәжікстан Республикасының Ленинабад қаласында, қыздарынан тараған ұрпақтары Қырғызстан Республикасы мен Оңтүстік Қазақстан облысының төңірегінде тұрып жатыр.
Арық ишан дүние салғаннан кейін, денесі осы мешіттің ішіне жерленеді. Өзінің көзі тірісінде пайдаланған діни кітаптары да ол кісімен бірге көмілген көрінеді.
Мешіт ХІХ ғасырдың 80-ші ж.ж. аралығында күйдірілген қызыл кірпіштерден қаланған. Мешіттің жалпы өлшемі–10,5х5,50 метр. Қабырғасының қалыңдығы - 80 см. Мешіт ишанның өзі жерленген бөлме мен дәліз ретінде соғылған қосалқы бөлмеден тұрады. Кіреберіс есігі оңтүстікке қараған. Қабырғаның жоғарғы жағы ою-өрнекті карнизбен безендірілген. Сегіз қырлы (восьмигранник) болып қаланған екі барабанның үстіндегі күмбезде ішке қарай жарық түсетін 4 тесік бар. Мешіттің жалпы биіктігі – 5,70 метрге жуық.