ХХ ғасырдың басында елімізге велосипедтер келе бастады. Онымен бірге велоспорт түрі де пайда болды. Велосипед халық арасында кеңінен насихатталды. Қазақстанда велоспорттың дүниеге келген күнін 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбе қаласында жол велосипедінен жарыс өткен деп санауға болады.
![]()
1918 жылы Петропавл, Орал, Қызылорда және басқа қалаларда үйірмелер құрыла бастады. Сол уақыттан бері велосипед қалың еңбекшілер қауымының меншігіне айналды. Жалпыға бірдей білім беру органдары құрылғаннан кейін велосипед жастардың дене шынықтыруына қолданыла бастады және бірте-бірте халық өміріне енді. Қызылордада аңшылар топтары ұйымдастырылып, велосипедшілер алыс далаға сапар шекті. Қазақстанның барлық қалаларында жасөспірімдер, жұмысшылар мен қызметкерлер мектепке және жұмысқа велосипедпен барды. Велосипедте жұмысшы мен инженерді, колхоз агрономы мен ауылдық пошта тасушыны, мұғалім мен дәрігерді көруге болатын. Велошеру тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болды, оған қатысушылар адамдар арасында ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Еліміздегі велоспорттың дамуы өз бастауын сонау 1918 жылдан алады. Бірінші ресми веложарыс 1922 жылы Қызылорда қаласында өтіп, велошабандоздарымыз 1951 жылдан бастап республикалық, 1963 жылдан бастап халықаралық аренада өнерлерін көрсете бастады. Кейін келе ірі жарыстарда да спортшыларымыз бәйгелерге қатысып, еліміздің намысын қорғаған. Осылайша, 1963-64 жылдары Калинкин КСРО чемпионы атағына қол жеткізсе, 1979 ж Макаров трек жарысында әлем чемпионы атанды. Еліміздегі велоспорттағы айтулы оқиғаларға тоқталып өтсек: 1980 ж. Сатыбалдиев, 1983 ж. Новолекин, 1990 ж. Тас жол бәйгесінде топтық есепте үздік атанып, алтын медальдерді қоржындарына салды. 1993 былдан бері біздің велошабандоздарымыз басқа мемлекеттердегі әріптестеріне қарағанда ең көп медальдерді еншілеп келеді. Бұған дәлел ретінде Кравченко Азия құрлығының рекордын үш рет (1993 ж. Малайзия, 1994,1999 ж. Жапония) жаңартқанын айтуға болады. Осы чемпионатта Кравченко ерлер арасынан үздік атанып, чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Мизуров пен Яковлев атты жігіттеріміз топтасып жарысуда тамаша өнер көрсетті.
XXVII жазғы Олимпиада ойындарында ел мақтанышы Александр Винокуров велобәйгеде күмісті қанжығасына байласа, «Тур де Франс» көпкүндік веложарыста жерлесіміз Кивилев 4 орынды қанағат тұтты. Винокуров алдыңғы жылы өткен «Тур де Франс» көпкүндік веложарыс кезеңінің бірінде келеңсіз жағдайға тап болып, бәйгені жалғастыра алмады. Еліміздің велосипед спортының дамуына республикалық бірлестіктің төрағасы Даниял Ахметов айтарлықтай үлес қосты.
Әлем чемпионы Марат Сатыбалдиев секілді талантты жастарға ақжол сілтеген Қызылорда велоспорты сол тұғырынан тайған емес. Тас жол үстіндегі тартысты бәсекеде талай мәрте топ жарған саңлақтар туған топырақтың абыройын арттырып келеді. Одан кейінгі жылдарда жастар арасында Әлем чемпионы болған Сергей Капустин, Азия чемпионы Берік Көпешов жергілікті жанкүйерлердің мақтанышына айналды.
Бүгінде Марат Сатыбалдиев Қызылордаға жиі ат басын бұрып, өзінің атындағы турнирдің жылма-жыл тұрақты өткізілуіне көңіл бөліп жүр. Ал Берік Көпешов жергілікті велоспорт мектебінде басшылық қызмет атқарады. Қай-қайсысы да алдағы уақытта өз ізбасарларының толағай табысқа кенелетініне зор үміт артады.
– Мен кәсіби велоспорттан 2012 жылы кеттім. Содан бері бапкерлік қызметке бет бұрдым. Қызылорда қаласындағы арнайы мамандандырылған велоспорт мектебінде шәкірт тәрбиелеуге атсалысып келемін. Кезінде бізге аға буын өкілдері тәлім берді. Енді сол міндет бізге жүктелген. Ел арасында нағыз таланттар бар, соларды іздеп табуға бар күшімізді саламыз.
Велоспорттың қаншама ережесі бар. Бастысы, баланың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Шәкіртіміздің жоғары биіктен көрінгенін қалаймыз. Аға буынның жеңісті жолын жалғастырғымыз келеді. Бұрынғыдай емес, қазір материалдық-техникалық базаны жақсарту бағытында оң істер бар. Кезінде өзіміз салмағы ауыр велосипедпен жаттығу жасайтын едік. Қазір талапқа сай келетін техника саны молайды. Бұл шәкірттердің шеберлігін шыңдауға барынша үлес қосады, – деді Берік бізбен әңгімесінде.
Мамандардың айтуынша, ол ке¬ле¬шегінен үлкен үміт күт¬тіре¬тін спортшы еді. Еліміздегі бі¬лікті бапкерлер сан алуан са¬йыс¬тарға алып барды. Шеберлігі шың¬дал¬ған шымыр жігіт осылайша өзі¬нің есімін әлемдік дең¬гейде жар¬қы-ратап көрсете бастады. Берік бүгінде көптеген беделді бә¬с嬬¬келерде Қазақстан атынан қаты¬¬¬сып жүрген «Астана» вело¬клубы¬¬¬ның жастар құрамында бақ сынауы сол сенімнің бір көрінісі бол¬са керек-ті. Десе де 2012 жылы үл¬кен спортпен қош айтысуын көп адам түсінбей қалғаны жасырын емес.
Берік қазір өзінің ізбасар¬ларын тәрбиелеп жүргенін айтады. Олардың қатарында жерлесіміз Бауыр¬жан Жаппарұлы бар. Азия құрлығында жүлдегерлер қатарында көрінген ол алдағы уақытта жанкүйер сенімін ақтайды деуге әбден болады. 2017 жылы Үндістанда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында ко¬мандалық жарыста қы¬зыл¬ор¬далық Ғабиден Әзен жеңімпаз тұ¬ғы¬рынан кө¬рінді. Елі¬мізде олардан басқа да ер¬теңінен үлкен үміт күттіретін жастар баршылық.
– Кезінде біздің облыста екі велоспорт мектебі жұмыс істеген екен. Одан бергі жылдарда екеуінің орнына арнайы мамандандырылған мек¬теп талай өреннің жеңісті жолына ақжол тіледі. Байқаймын, қазір спорттың бұл түріне балалар тарапынан қызығушылық азайып кеткен секілді. Сондықтан кеңінен насихаттау ісіне көңіл бөлінсе деймін. Облыс орталығынан бөлек аудандарда да арнайы үйірмелер ашылса құба-құп. Сонда таланттарды табуға мүмкіндік туады, – деді ол.
Берік қазір еліміздің қай өңірінде де велоспортты дамытуға барлық жағдай бар екенін айтты. Бұл салада материалдық-техникалық база жақсарған. Балаларға арналған велосипедтер алын¬ды. Елордада әлемдік деңгейдегі жарыстарды өт¬кізуге болатын велотрек алаңы салынды.
Дүние жүзінде спорттың бұл түрінен алдыңғы қатарда келе жатқан Испания, Италия, Ресей спортшыларының қатарына қазақстандық жастар да қосылады деп үміт артамын. Қазір мемлекет тарапынан лайықты қолдау бар
Қазір облыс велоспортында Асылхан Тұрар, Ғабиден Әзен, Ердәулет Егізбай, Саят Айдархан, Аслан Силықбек, Диас Тұрат, Роман Хегай, Аружан Рақымжан, Алина Карасёва, Аружан Тоқбаева, Анжела Соловьева, Екатерина Апачиди, Елизавета Склярова, Бибінұр Бектаева, Анна Проскурина, Әлихан Шыңғысұлы, Ринат Ерік, Мақсат Шамшадин, Мадияр Мүбәраков, Абзал Рахманов, Нұрсұлтан Айдарбек сынды жастар өсіп келеді. Олар әлемдік және құрлықтық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегерлер қатарынан жиі көрініп жүр. Республикалық біріншілікте алдыңғы орын алған қызылордалық велошабандоздар аз емес.
Кезінде велосипедті шыр көбелек айналдырған шеберіміз Марат Сатыбалдиев велотректен әлем чемпионы атанғанын Сыр бойындағы дүйім жұрт әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Сол саңлақтың салған сара жолын лайықты жалғастыра білген Берік Көпешов те Азия чемпионы атағына ие болды. Толайым табысқа кенелген жерлестеріміз олармен ғана шектелмейді. Жарасымды дәстүр қазір де жалғасып келеді. Олардың қатарында ағайынды велошабандоздар Мәди мен Ғабиден Әзен бар.
Қос саңлақ спорттың аталған түрін бала жасынан жанына серік етті. Алдымен оған Мәди қадам басқан болатын. Кәдімгі велосипедтен өзгеше «темір тұлпарды» тізгіндеу жас өренге оңайға соға қойған жоқ. Бұл сәтте оған бапкерлері ақыл-кеңесін айтты. Тынбай тер төгу арқылы толайым табысқа қол жеткізуге болатынын ұқтырды. Өзі теледидардан жиі көретін атақты велошабандоздар секілді биікке ұмтылуды алдына мақсат етті. Мәдиді велоспорт өзіне баурай түсті. Көп ұзамай алғашқы табысына қол жеткізді. Бұл жетістігі өзіне қанат бітірген секілді. Өзіне тиесілі техниканың қыр-сырына қанығып, алға қарай ұмтыла түсті. Таудай талабы бар талантты ұлан осылайша өзіне тән сайыс түрін таңдады.
Мәдимен бірге велоспорт мектебіне інісі Ғабиден де жиі келетін. Онда балалардың тынымсыз тер төгіп, жол үстінде жарыс көрігін қыздырып жататынын көретін. Осылайша Ғабиденнің де велоспортқа қызығушылығы оянды. Ағасымен бірге күнделікті жаттығудан қалмайтын болды.
– Содан бері көп жылдар өтті. Велоспорт оңай сайыстың түрі емес. Талай қиналдық, оған мойыған жоқпыз. Алға қарай мақсатты түрде қадам басу – біздің басты талабымыз. Қазіргі кезеңде ағам Мәди екеуіміз Қазақстан атынан сан алуан жарыста бақ сынап, ел мерейін тасытқан нәтижелерге қол жеткіздік. Мен Азия құрлығында чемпион атандым, ел біріншілігінде бірнеше мәрте топ жардым, басқа да халықаралық жарыстарда алдыңғы лектен көріндім. Мәди де сондай зор табыстарға кенелді. Әкем Әміржан, анам – Ғалия, бауырларым бізге әрдайым тілеулес. Айта кетейін, біздің елімізде велоспортқа ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде тас жол үстіндегі тартысты бәсекеде топ жарып жүрген саңлақтардың көп болуы – соның бір айғағы, – дейді Ғабиден.
2022 жылдан бері аталған мектеп базасында «Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазір мұнда 11 бапкер-оқытушы қызмет атқарады. Олардың 8-і – жоғары санатты мамандар. Спорт клубы ретінде жұмыс бастағаннан кейін көптеген мүмкіндікке жол ашылды. Нәтижесінде 15 спортшы-нұсқаушыға жалақы төлеуге мүмкіндік жасалды. Бұл велоспортпен кәсіби деңгейде айналысып жүрген жастарға ерекше қолдау ретінде бағаланады. Сол арқылы олар шеберлігін жетілдіруге көңіл бөледі. Сондай-ақ спортшылар бұрынғыдай өз мансабын орта жолдан тастап кетпейді. Бапкерлер әрбір шәкіртін тәрбиелеуге күш жұмсайды. Осындай жағдайларды ескерсек, спортшылардың белгілі бір жасқа дейін сан алуан сайыстарға қатысуына қолдау көрсеткеніміз артық емес. Көп жылдар бойы осы мәселе ескерілмей келген еді.
– Велоспорт бәсекесі олимпиадалық ойындар күнтізбесінде бар. Төрт жылда бір мәрте өтетін әлемдік шарада шоссе, трек, маунтинбайк секілді түрлерінен жүлделер сарапқа салынады. Біздің облыста олардың барлығы қамтылған. Қазір спорт клубында 200-ге тарта шәкірт тәлім алып жүр. Олардың жүзге жуығы алғашқы дайындық сатысында шеберлігін шыңдап жүрсе, қалғаны оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Көптеген жарыста өздерін жақсы қырынан танытып үлгерді. Әрқайсысынан үлкен үміт күтеміз. Нәтиже көп еңбектің арқасында келеді. Алдыңа үлкен мақсат қоя білсең, сол үшін барлық күш-жігеріңді салуың тиіс. Шәкірттерімнің сенімді ақтап жүргені қуантады, – деді бапкер Жандос Махамбетов.
Бұрынғы жылдары облыста велоспортпен тек Қызылорда қаласында ғана айналысуға мүмкіндік бар еді. Жергілікті басшылықтың қолдауымен қазір мұндай орындар аудандарда ашылып жатыр. Қазалы ауданында велоспорт клубының бөлімшесі тұсауын кесті. Бұл орынның материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлінді. Қазір онда 10-15 жас аралығындағы 30-ға тарта жас өрен велоспорттың қыр-сырын үйреніп жүр. Қазірдің өзінде тәлім алып жатқан спортшылар республикалық және облыстық турнирлерде бақ сынап үлгерді. Үміт күткен екі үздік спортшы облыс орталығындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қабылданып, шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі №176, Белкөл кентіндегі №179 мектептерде велоспортқа арналған бөлімшелер ашылды. Ал қазан айында Арал қаласындағы №19 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде арнайы ғимарат бөлінді. Оған қоса «Бәйтерек» шағын ауданындағы №287 мектепте осындай орын тұсауын кесті. Айта кететін жайт, Байқоңыр қаласында арнайы бөлімше ашылып, онда алғаш рет республика біріншілігі өтті.
Биыл қызылордалық велоспортшылар 106 медальға ие болды. Оның ішінде Азия біріншілігі мен кубогында 5 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар. Ел біріншілігінде 27 алтын, 16 күміс, 16 қола алды. Өзге де халықаралық және республикалық жарыстарда жүлде қоры толықты.