Тектілік – адам баласына оның бойындағы ерекше қасиет арқылы ұрпақ сабақтастығы ретінде берілетін асыл қасиет. Десе де, жеке басының кемшілігімен күреспеген, бірақ өзін текті санайтын әрбір жанға қырағы көзді халық бағасын беріп отырады. Сондықтан кім болмасын қандай текті жерден шыққанымен, өмірден өз жолын таба алмай, жеке басының мүддесінен аса алмағандарды тектіге санамаған. Нақты айтқанда, текті адам елге сыйлы, ел қалаған, ата-баба ісін жалғастырған абыройлы азамат. Осы ретте, «Жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз» деп халық даналығындай айтылғандай, тектілік – адамзат баласының өзгелерге жасаған мақсатты ісі мен өнеге қалдыруымен өрнектеледі. Міне, осындай қасиетті өн бойында ұстап, әке ісі мен аманатын ұрпаққа жеткізуде еңбек еткен текті жанның бірі – «Сыр шайырларының генералы» атанған Ешнияз сал Жөнелдікұлының баласы, «Жүз жыраудың отаны» Қармақшы өңірінде жыр өнерін жалаулатып, дарындылығымен ел сыйлысы атанған, Сыр сүлейлерінің тағы да бір көрнекті өкілі – Кете Жүсіп.
Сыр елінде жырау атанған үш Жүсіп болған. Бірі – Сырдария өңіріндегі Қаңлы Жүсіп болса, қалған екеуі, яғни Ақжар өңірінің тумасы Таубайдың Жүсібі және біздің бүгінгі кейіпкеріміз Кете Жүсіп.
1871 жылы көптеген дарын иелерін үлкен өмірге қанаттандырған киелі Дауылкөл табанында дүние пердесін ашқан Жүсіп Ешниязұлы көнекөз қариялардың айтуынша бала жасында ауыл молдасында діни сауат алған және әкесі Ешнияздың қасына еріп, өлең-жыр айтуға әуес болған. Тіпті, арнауларды да өзі жазып, суырып салма ақындығымен де көптің назарына ілінген. Жас кезінен жыраулық өнерді өміріне серік еткен ол өсе келе жүрегінен шыққан жауһар жырларын халыққа ұсынып, қолдау табады. Ол шығыс ақындары Фердауси мен Сайхалиге, әкесі Ешнияз салға, қазақтың данышпан ақыны Абайға, сонымен қатар Балқы Базар, Шегебай Бектасұлы, Қарасақал Ерімбет сынды жыр жүйріктеріне еліктеп, солардың мақамымен өлең-жыр жазған.
Кете Жүсіптің шығармаларының тақырыбы сан алуан. Ол бірде өмір туралы толғанса, енді бірде жастық шағындағы өмірін өз жырларында суреттейді, тіпті ол жүрегін жаулап алған Күләй, Бибі, Ажар, Сәуле мен Махаббат есімді аруларға деген махабатын өлең арқылы жеткізген. Сонымен қатар, ол айналасында кедей мен бай-манап арасында болып жатқан қарама-қайшылыққа төзбей, әділдікті ту етіп, халықты адамгершілікке, бірлікке үндейді. Ақынның басқа да тақырыптағы өлең-жырларын халық өте ықыласпен тыңдап, қабылдаған.
Жүсіп Ешниязұлы өз өлең-жырларында халықты надандықтан арылуға, адами қасиетті жанына серік етуге шақырған ақын. Ол «Адамдық пен надандық» атты өлеңінде:
–Дүниеде кімдер келіп, кім кетпеген,
Табиғат – түбі терең қол жетпеген.
Өнерін өмірінің біле тұрып,
Маңдайын пенде бар ма терлетпеген?!
Бәзбіреу көп ақылға ие болып,
Ауруын ауамдықтың емдетпеген,
Ақылдың ауырлығы қорғасындай,
Көңілді бұзық іске өрлетпеген.
Тынық бол тыпыршымай, есің болса,
Қаңтардың шуағындай желдетпеген.
Ұлықпандай мың жыл өмір сүрсе-дағы,
Ақыры өлім кімді еңіретпеген»,– десе, келесі «Өсиет» атты өлеңінде:
–Көп көтерді – бүтін туған,
Ерлік іс, мұсибатқа белін буған.
Аздырмас ата жолын әрқашанда,
Жоспарлы ізгіліктің жолын қуған.
Бір күні бітсе демі – сүрінеді,
Топ жарған тұлпарың да азған дудан.
Алғаусыз айтқан сөзің көпке ұнаса,
Секілді көңіл-үйдің кірін жуған, – деп ел-жұртты адамгершілік пен ағайыншылыққа, бірлік пен ынтымаққа шақырады. Кете Жүсіп Қармақшы топырағынан шыққан шайырлардың, әсіресе жасы үлкен аға жыраулардың өлең-жырларын жаттап, оны қалың елге насихаттаған ақын.
Сонымен бірге көптеген Сыр шайыры да ақынға арнауын арнаған.
–Баласы Ешнияздың Жүсіп ақын,
Сыр бойы білед Жүсіп атын.
Қалам мен домбыраға бірдей еркін,
Жел сөзден жері жоқ еді қысылатын, – деп Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетов жырласа, Сыр жырының дүлдүлдері өміріне зерттеу жүргізіп, бүгінгі ұрпаққа аманаттауда үлгі көрсеткен Ә.Диваев, Ү. Аяпов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Қайнарбаев, М.Байділдаев, Т. Дайрабай, А.Қыраубаева, Н.Молыбаев пен Д.Ертісбаев сынды зерттеушілер ақын шығармасын жарыққа шығаруда көп еңбек сіңірді. Міне, сол әдебиет жанашырларының еселі еңбектерімен Жүсіп Ешниязұлының көптеген өлең-жыры, толғауы мен дастандары 1959 жылғы «Ақындар тврочествосы», 1965 жылы «Пернедегі термелер», мен «Айтыс» кітабының ІІ томында, сонымен бірге 1979 жылғы «Ақын-жыраулар», 1985 жылғы «Үш ғасыр жырлайды», 2003 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Кете Жүсіп» және 2009 жылы «Сырдария» кітапханасынан шыққан жыр жинағы қалың оқырманға жол тартты.
Дархан даламыздың дарын тұлғасы Кете Жүсіптің шығыс және қазақ халқының салт-дәстүрі мен өміріне арналған «Шахзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген», «Өткен заман», «Барымта» сияқты дастандары тек Қармақшы өңірі халқы ғана емес, бергі жағы қарт Сыр өзені мен Қуаңдария арнасын, арғы жағы Ақтөбе, Орал, Жезқазған мен Шымкент өңірін мекен еткен қалың қазақ жұртына жетті. Сонымен бірге, жыр дүлдүлі елімізде жүргізілген Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ халқының өмірін жазған жырларына көптеп қосты.
Кете Жүсіп Ешниязұлы қазақ халқына тек жырау ғана емес, әнші ретінде де танылған. Оның әрбір өлеңі шымыр да шымшымалы ұйқасымен, тақырыптық ауқымдылығымен, тіпті тәрбиелік мәнімен де құнды. Қазақ халқының мәдениетін зерттеуші ғалым Әубәкір Диваевтың 1925 жылы Орынбор қаласындағы баспадан жарыққа шығарған «Қазақтың 1000 әні» атты жыр жинағына ақынның алты әні енгізілген.
Расында да, әке аманатын жалғастырып, өлең жазып, жыр жырлап, ән салған Кете Жүсіп қазақ даласында ерте заманнан келе жатқан айтыс өнерінің де дамуына көп еңбек сіңірді. Кете Жүсіп ақын Шәкей сал, Ырысты қыз, Қалыш келіншек, Қаңлы Жүсіп, Жұбанияз бен Құлназар, Күзен, Жиенбай,Тұрымбет, Мәкебайбаласы Егізбай сынды жыраулар мен Қуаныш Баймағамбетовтей ақынмен айтысып, елде бай мен кедей арасындағы және түрлі тақырыптағы айтыстары бүгінге дейін жетті.
Міне, атадан балаға мирас болып келген осы ұлы өнер жолын Кете Жүсіптің баласы Мұзарап, оның баласы Сабыт жалғастырды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ